12 наурызда Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райы құбылмалы болады. Солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда қар, боран, қатты жел мен аяз сақталса, оңтүстік пен батыста жауын-шашынсыз күн райы басым болады. Кей қалада тұман мен көктайғақ күтіледі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазгидромет болжамына сай, Астанада, Қарағандыда, Қостанайда, Көкшетауда, Петропавлда, Павлодарда, Семей мен Өскеменде қар мен боран болады. Әсіресе Астана мен Көкшетауда желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін жетіп, түнде 30 метрден асуы мүмкін. Солтүстік пен шығыста түнгі аяз 13–20 градусқа дейін күшейеді.
Алматы, Қонаев, Талдықорған, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе және Жезқазғанда негізінен жауын-шашын болмайды. Бірақ Алматы, Қонаев, Қызылорда, Тараз, Орал мен Ақтөбеде тұман түсіп, кей жерде жолға мұз қатуы ықтимал.
Ең жылы күн райы Ақтауда болжанып отыр. Мұнда күндіз ауа температурасы 9–11 градусқа дейін көтеріледі. Атырауда 6–8 градус жылы, Қызылорда мен Шымкентте 2–5 градус жылы болады.
Ең суық түн Талдықорғанда күтіледі. Сынап бағаны 20–22 градус аязға дейін төмендейді. Өскеменде түнде 18–20, Павлодар мен Семейде 15–17, Қарағандыда 14–16 градус аяз сақталады.
Синоптиктер жолға шығатын тұрғындарға жел, боран, тұман және көктайғаққа байланысты сақ болуға кеңес береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







