Қытай ғарышты игеруде жаңа биік белеске қадам басты. Іргедегі көршіміз Айдағы пайдалы қазбаларды өндіру үшін арнайы робот жасап шығарды. Айдың құпиясын ашуға бағытталған ерекше роботтың басты ерекшелігі – оның аяқтары мен дөңгелектері қатар жұмыс істейді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл қытайлық робот «жәндікке» ұқсайды: алты аяқты, тырнақ тәрізді аяқтары ай бетіне берік бекініп, кез келген жағдайда тиімді қозғалуға мүмкіндік береді. Қытай инженерлері бұл жаңа құрылғының көмегімен болашақта Айдың қиын жерлерінде еркін жүріп-тұруға болатынын айтып отыр.
– Бұл робот Айдағы пайдалы қазбаларды зерттеуге және өндіруге арналған, — дейді жоба жетекшісі профессор Лю Синьхуа. – Біздің негізгі мақсатымыз ай бетінде ұзақ уақыт жұмыс істей алатын және ресурстарды игеруде сенімді аппарат жасап шығару.
Жаңа роботтың басты артықшылығы Айдың әлсіз тартылыс күшіне бейімделуі. Ол бұл үшін арнайы аяқтары мен дөңгелектерін кезектесе пайдаланады, осылайша Айдағы реголитті қазып, пайдалы қазбаларды іздейді. Қытай ғалымдарының айтуынша, осы технология алдағы уақытта Ай ресурстарын игеруде шешуші рөл атқармақ.
– Қытайдың Айға деген жоспары ғарышта жай ғана байрақ тігу емес, болашақтың стратегиялық ресурстарын бақылауға алу, – дейді қытайлық ғалымдар.
Шын мәнінде, бұл Айды игеруде тек ғылыми ғана емес, экономикалық және геосаяси амбицияларды көздейтінін анық көрсетеді. Қытайдың Айдағы ресурстар үшін күресі басталды, енді бұл бәсекеде артта қалмас үшін басқа елдер де қарқынды қимылдауы керек.
Айтқандай, Tesla компаниясы жасаған Optimus атты гуманоид роботы зауыттардағы ауыр жұмысты істеп, үй шаруасындағы күйбең тіршіліктен адамды құтқарады деп жоспарлануда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






