Қытайда литий батареяларын әуе көлігімен қауіпсіз тасымалдауға арналған жаңа технология сынақтан сәтті өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жақында Хубэй провинциясындағы Эчжоу Хуаху халықаралық әуежайынан салмағы 250 келі болатын қуатты литий батареясы Гуандун провинциясының Шэньчжэнь қаласына жүк ұшағымен жеткізілді. Ұшақ тасымалы әдеттегі жердегі көлікке қарағанда 80%-ға дейін тиімді болып шыққан. Мұны SF Holding логистикалық компаниясының еншілес кәсіпорны SF Airlines операциялық стандарттар бөлімінің басшысы Сян Сивэнь хабарлады.
Литий батареялары электроникадан бастап электр көліктері, робототехника және қуат сақтау жүйелеріне дейін көптеген салада қолданылады. Бүгінде әлемдегі ең ірі литий батареяларын өндіруші мемлекет Қытай. 2024 жылы елдегі литий батареялары өндірісінің жалпы көлемі 1,2 триллион юаньнан (169,7 млрд АҚШ доллары) асып, бір жылда 24%-ға өскен. Орнатылған батареялардың жалпы қуаты жылдық есепте 48%-ға артып, 645 гигаватт-сағаттан асқан.
Алайда мұндай батареялардың жану және жарылу қаупі жоғары болғандықтан, әуе арқылы тасымалдау бұрыннан қиындық тудырып келеді.
Чунцин Цзяотун университетінің көлік және тасымал факультетінің доценті Лю Синлянның айтуынша, бұл жолғы сынақта батареяларды қауіпсіз тасымалдауға арналған озық қорғаныс жүйесі қолданылған. Ол арнайы материалдан жасалған қорғаныс қаптамадан тұрады. Оның басты ерекшеліктері жылуды оқшаулау, отқа төзімділік, қысымды төмендету, зиянды заттарды бейтараптандыру және өртті сөндіру функциялары.
– Сынақ барысында батарея жанған кезде қорғаныс қаптамадан сыртқа ешқандай жалын шықпады. Қаптаманың сыртқы температурасы 100 градустан аспады. Батареяның жарылуы кезінде де қаптаманың пішіні өзгермей, бекіткіштері берік жабық тұрды және ешқандай сынық сыртқа ұшып шықпады, – деді ол.
Сонымен қатар, автоматты ескерту жүйесі батареялардың тасымалдану жағдайын бақылап, температура, қысым, газ мөлшері сияқты 12 негізгі көрсеткішті нақты уақыт режимінде қадағалайды. Жасанды интеллект технологиясына негізделген алгоритмдердің арқасында жүйе ең кішкентай ақауларды да (мысалы, газдың аздап шығуы) анықтай алады.
– Жүйе қандай да бір ауытқушылықты байқаған бойда дереу ескерту сигналын береді. Осы арқылы қызметкерлер батарея қыза бастағанға дейін әрекет ете алады. Үшінші тараптың сынағы бойынша, жүйенің орташа ескерту уақыты 5,38 секунд, ал дәлдігі 96%-дан жоғары, – деп түсіндірді Лю Синлян.
Бұл жоба Қытайдың 14-ші бесжылдық кезеңіне (2021-2025) арналған негізгі ұлттық зерттеу бағдарламасы аясында әзірленген, әрі елдің Көлік министрлігі мен Ғылым және технологиялар министрлігінің қолдауымен іске асуда.
Контекст
SF Holding энергетика және химия өнеркәсібі департаментінің менеджер көмекшісі Ду Мэннің айтуынша, елде жаңа энергия саласының дамуына байланысты литий батареяларын әуе көлігімен тасымалдау көлемі айтарлықтай өсуі мүмкін. Әрбір жүк ұшағы 5-тен 30 тоннаға дейін литий батареяларын тасымалдай алады. Әзірше компания тасымалдайтын батареялардың 90%-дан астамы құрлық немесе теңіз арқылы жеткізіледі. Әуе көлігімен экспортқа шығарылатын батареялардың үлесі 2-3%-ды құрайды.
Ду Мэн «жаңа технология қытайлық компаниялардың халықаралық нарыққа шығуын жеңілдетеді» деп санайды. Өйткені литий батареяларын әуе арқылы тасымалдау экспортқа жылдам жеткізу бойынша айтарлықтай артықшылық береді.
Қытай азаматтық авиация әкімшілігінің дерегіне сүйенсек, 2024 жылы елдегі литий батареяларының әуе тасымалы 645 мың тоннаға жетіп, бір жылда 21,26%-ға өскен. Нарықтағы сұраныс тұрақты өсіп келеді.
Чунцин Цзяотун университетінің профессоры, жобаның жетекшісі У Цзиньчжунның айтуынша, алдағы уақытта бұл технология бүкіл ел аумағында кеңінен таратылады. Бұл литий батареяларының тасымалын стандарттау және реттеу арқылы қауіпсіздікті нығайтады.
Ғалымдардың соңғы онжылдықта жүргізген зерттеулері атмосферадағы көмірқышқыл газының (CO₂) артуы мен жаһандық жылынудың бірлескен әсері топырақтағы фосфордың қолжетімділігін едәуір төмендететінін анықтады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

