Қытай ғалымдары аккумулятор саласында үлкен серпіліс жасап, электромобильдер мен өзге де техникалардың жұмыс мерзімін айтарлықтай ұзартатын литий-металл батареясының жаңа түрін жасады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл технологияның басты ерекшелігі аккумулятордың көлемі бұрынғыша болғанымен, энергия сыйымдылығы бірнеше есе артады. Бұған дейінгі литий-ионды батареяларда графит қолданылады. Ал жаңа аккумуляторда анод ретінде таза металл литий пайдаланылады. Осы өзгеріс батареяның салмағын жеңілдетіп, сыйымдылығын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа литий-металл аккумуляторында иондар еркін қозғалып, энергияны тиімді жинай алады. Бұл үшін қытай ғалымдары электролит құрамын жақсартып, оның тығыздығын төмендеткен. Соның нәтижесінде батарея тіпті -50°C суықта да жоғары өнімділік көрсетеді.
Қазіргі электромобильдердегі аккумуляторлардың энергия сыйымдылығы шамамен 140-200 Вт·сағ/кг болса, жаңа аккумуляторларда бұл көрсеткіш 700 Вт·сағ/кг-ға жеткен. Яғни, электромобильдер бір зарядта бұрынғыдан 2-3 есе ұзағырақ жүре алады.
Бұдан бөлек, жеңіл әрі қуатты аккумуляторлар дрондар мен пилотсыз аппараттардың ұшу қашықтығын арттырады. Бұл әсіресе медицина, апаттан құтқару жұмыстары, логистика сияқты салалар үшін маңызды. Дрондар бұдан да ұзақ уақыт әуеде бола алатындықтан, олардың қызметіне деген сұраныс артады.
Сонымен қатар, бұл батареялар экстремалды жағдайларда, мысалы, Антарктидадағы зерттеу станцияларында немесе ғарыш миссияларында да таптырмас құралға айналмақ. Себебі, жаңа технология төмен температураларда да үздіксіз әрі сенімді жұмыс істейді.
Дегенмен, жаңа литий-металл аккумуляторлары әлі нарыққа дайын емес. Олар зертханалық жағдайда ғана сынақтан өткен, сондықтан толық коммерциялық қолданысқа енгізу үшін әлі де көптеген зерттеу жұмыстары қажет. Әсіресе, батареялардың ұзақ уақыт пайдалану кезінде тозу деңгейін анықтау, зарядтау циклдарының санын көбейту, қауіпсіздік талаптарын тексеру және қоршаған ортаға әсерін бағалау міндеттері тұр.
Қытайдың бұл жаңалығы аккумуляторлар саласында үлкен өзгерістерге жол ашады деген үміт бар. Алдағы он жыл ішінде бұл технология күнделікті өмірімізге еніп, электромобиль мен басқа да техникаларды тиімді әрі ыңғайлы етуі мүмкін.
9 сәуірге арналған ауа райы болжамы: Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







