Қызылорда қаласында Ассамблеясының 30 жылдығы аясында салынған жаңа «Достық үйі» ғимараты ашылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Маңызды шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов қатысты. Бұдан басқа депуттатыр, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК мен «Самұрық-Қазына Траст» қорының өкілдері, зиялы қауым қатысты.
Достық архитектурасы
Аймақ басшысы жаңа ғимараттың облыс тұрғындары үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтіп, құттықтау сөз сөйледі.
– Бірлік халқымыздың тұтастығы мен ырыс-ынтымағының, үйлесімді қарым-қатынасының көрінісі. Ел болудың ең басты алғышарты. Қазір өңірімізде 30-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ассамблея жанындағы 11 этномәдени бірлестік бір мүдде, бір мақсат жолында ел бірлігін нығайтуда нәтижелі жұмыс атқаруда.
Өткен жылы Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойы аясында осы ғимараттың іргетасын бірге қалаған едік. Міне, тарихи сәтте қайта қауышып, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының демеушілігімен құны 3 млрд. 800 млн теңгені құрайтын жаңа нысанды ел игілігіне тапсырып отырмыз, – деді облыс әкімі.
Нұрлыбек Нәлібаев ғимараттың бой көтеруіне демеушілік жасағаны үшін «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповқа барша Сыр жұртшылығы атынан зор ризашылығын білдірді.

Салтанатты рәсімде өңірдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің нығаюына үлес қосқан Ассамблея мүшелері мен жаңа ғимаратты сапалы әрі уақытында тапсырған мердігерлер облыстың жоғары наградалары Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Өз кезегінде Марат Әзілханов, Мұрат Әбенов және Мейіржан Юсупов құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді.
Айта кетейік, жаңа «Достық үйі» өңірдегі этномәдени бірлестіктер, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесі мен Азаматтық Альянс өкілдері үшін барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген заманауи кешен ретінде бой көтерді. Ғимарат ішінде 200 орындық концерт залы, 50 орындық акт залы, шығармашыл жастарға арналған домбыра, ән мен би үйірмелері, медиация орталығы, музей және Ассамблея жанындағы ғылыми сарапшылық топтарға арналған арнайы кабинеттер бар.
Жаңа «Достық үйі» азаматтық қоғам институттарының басын қосып, тың бастамалар мен игі жобаларды жүзеге асыратын маңызды орталыққа айналмақ.
Өткен жылы Қызылорда облысында инвестиция 750 млрд теңгеден асып, жоспар сәтті орындалған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







