Рамазан миллиондаған мұсылмандар үшін ерекше ай, рухани тазару мен ішкі гармонияға қол жеткізетін кезең.Ораза ұстау денсаулыққа зиянын тигізбеуі тиіс. Қандай жағдайларда адамға Оразадан бас тартқан дұрыс және осы қасиетті айда дұрыс тамақтануды қалай жолға қою керектігін Ertenmedia.kz тілшісі сараптап шықты.
Ислам діні бойынша адамның денсаулығы мен өмірін сақтау – бірінші кезектегі міндет. Сондықтан Ораза ұстау адамның денсаулығына кері әсер етпеуі тиіс.
Ораза кімдерге ұсынылмайды?
Медицина мамандарының айтуынша, дені сау адам Оразаны еш қиындықсыз өткереді. Тіпті дұрыс ұсталса, тамақтану уақытының шектелуі ағзадағы зат алмасуды жақсартуы да мүмкін. Алайда белгілі бір созылмалы аурулары бар адамдарға ораза ұстау денсаулығы үшін қауіпті болуы мүмкін.
Жоғары санатты кардиолог-дәрігер Лейла Оспанова Ораза кезінде қандай адамдар тәуекелге ұшырауы мүмкін екенін айтып берді. Маманның пікірінше, ең алдымен, созылмалы аурулармен ауыратын адамдар мұқият болуы тиіс. Оларға бауыр аурулары, қант диабеті, жүрек ишемиясы, стенокардия, гипертония және басқа да жүрек-қан тамыр аурулары бар адамдар жатады.
«Егер адам инфаркт немесе инсульт алған болса, Ораза ұстауға болмайды. Мұны мешіт имамдары да үнемі ескертеді. Жалпы, кез келген созылмалы аурудың асқынуы – Оразаға қарсы көрсеткіш», – дейді кардиолог.
Тамақтан ұзақ уақыт бойы бас тарту және сусыздану созылмалы аурулардың асқынуына, денсаулықтың күрт нашарлауына әкелуі мүмкін. Мұндай кезде ағза толық қуатта жұмыс істеп, кез келген жасырын ауру тез көрініс береді.
«Ораза кезінде созылмалы ауруы бар адамдарда есінен тану, жүрек айну, қатты бас айналу, жүрек тұсының ауыруы, аяқ-қолдың ұюы немесе беттің асимметриясы сияқты қауіпті белгілер пайда болса, дереу тамақ ішіп, дәрігерге қаралған жөн», – дейді Лейла Оспанова.
Дәрігердің айтуынша, жүкті және бала емізетін әйелдерге де Ораза ұсынылмайды. Себебі жүктілік кезінде ананың ағзасы баланы барлық қажетті заттармен қамтамасыз ету үшін тұрақты және толық тамақтануды қажет етеді. Ал оразадағы ұзақ ашығу баланың дамуына теріс әсер етуі мүмкін.
«Емізетін аналардың ағзасына да көп күш түседі. Сүттің дұрыс бөлінуі үшін сұйықтық, дәрумен мен калорияның жеткілікті болуы қажет. Ұзақ ашығу мен сусыздану әйелдің әлсізденуіне және сүттің азаюына алып келуі мүмкін», – дейді маман.
Жалпы алғанда, Ораза дені сау, ересек адамдарға парыз. Егер әйел адам жас болса, денсаулығы жақсы және жүкті болмаса, ол ер адамдармен бірдей Ораза ұстауға міндетті.
Сондай-ақ 60 жастан асқан және созылмалы аурулары бар егде жастағы адамдарға Ораза ұстауға асықпауға кеңес беріледі. Мұндай шешімді тек дәрігермен кеңесе отырып қабылдаған жөн.
Балалар мен жасөспірімдер де толық жетілгенше Ораза ұстауға міндеттелмейді. Өйткені дамып келе жатқан ағзаға тұрақты әрі толыққанды тамақтану қажет.
«Операциядан кейін, ауыр инфекциядан кейінгі қалпына келу кезеңінде, қатты анемия және жалпы әлсіздік жағдайында да Оразадан бас тарту керек», – деп қорытындылады Лейла Оспанова.
Рамазанда күш-қуатты қалай сақтау керек?
Денсаулыққа зиян тигізбестен Ораза айын өткізу үшін дұрыс тамақтануды ұйымдастыру маңызды. Осы орайда біз терапевт, сертификатталған диетолог, АҚШ тамақтану қоғамының мүшесі Алмагүл Ержекеновадан кеңес алдық.
«Рамазан айында тамақтанудың басты міндеті – энергияны бірқалыпты деңгейде ұстап тұру, ағзаны ақуыз, сұйықтық, тағамдық талшықтар және микроэлементтермен толық қамтамасыз ету», – дейді диетолог.
Диетологтың кеңесіне сай мәзірге міндетті түрде мыналарды қосу керек:
Күрделі көмірсулар көздері: дәнді-дақылдар, қоңыр күріш, булгур, киноа, бұршақ дақылдары, қара нан. Олар қандағы қанттың тұрақты болуын қамтамасыз етеді.
Ақуызға бай тағамдар: жұмыртқа, балық, тауық еті, күркетауық, бұршақтар мен сүт өнімдері. Ақуыз бұлшық еттің әлсіреуінен сақтайды және иммунитетті күшейтеді.
Пайдалы майлар: жаңғақтар, дәндер, авокадо, зәйтүн майы, майлы балық түрлері. Асқазанның баяу босауына көмектесіп, күш-қуатты сақтайды.
Көкөністер мен жемістер: дәрумендер мен антиоксиданттардың көзі. Әсіресе жасыл көкөністер мен кептірілген жемістер (құрма, өрік, мейіз) пайдалы.
Су және электролиттер: ауызашар мен сәресі арасында жеткілікті мөлшерде су ішкен абзал.
«Кешке жеңіл тамақпен ауыз ашу керек. Алдымен су мен құрма жеген дұрыс. Кейін сорпа немесе жылы тағамды қабылдап, кейіннен толық тамаққа көшкен жөн. Ауыр, қуырылған және тым тәтті тағамдардан бас тартқан абзал», – дейді диетолог.
Сәресі кезінде күрделі көмірсулар, ақуыз, пайдалы майлар мен талшықтарға бай тағамдарды пайдаланып, мол су ішкен жөн.
Рамазан – тек төзімділікке сынақ емес, рухани үйлесімнің кезеңі. Денсаулыққа мән беру әлсіздік емес, керісінше, өзіне және жақындарына деген жауапкершіліктің көрінісі. Өз денеңіздің дабылына құлақ асып, мамандармен кеңесіп, Оразаға ақылмен қарасаңыз, бұл ай рухани өсу мен саналы өмір салтының бастауы болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

