Бүгін елімізде тарихи шешім қабылданып, республикалық референдум өтіп жатқан күні Алматы облысында 24 отбасының шаңырағында шаттық орнады. Түнгі сағат 00:00 мен күндізгі 12:00 аралығында өңірде 13 ұл және 11 қыз бала дүниеге келді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алматы облысы еліміз бойынша туу көрсеткіші ең жоғары өңірлердің бірі. Бұл көрсеткіш жыл сайын тұрақты өсіп келеді. Мысалы, биылғы жылдың тек қаңтар-ақпан айларында облыста 2968 сәби өмір есігін ашқан.
Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаеваның айтуынша, ана мен бала денсаулығын қорғау – өңірдің басты басымдығы болып табылады. Облыста қауіпсіз босану жағдайларын қамтамасыз ету мен медициналық көмектің сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.
– Алматы облысы республика бойынша бала туу көрсеткіші жағынан көш бастап тұр. Ана мен баланың денсаулығын сақтау, медициналық көмектің сапасын жақсарту және аналардың қауіпсіз босануын қамтамасыз ету біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі. Соның нәтижесінде жыл сайын дүниеге келетін нәрестелер саны артып келеді, – деді Лейла Серікбаева.
Еске сала кетейік, өткен 2025 жылы Алматы облысында 27 131 сәби дүниеге келген болатын. Өңірде халық санының өсу қарқыны тұрақты түрде жалғасып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







