Жетісу облысында республикалық референдум ерекше белсенділікпен өтуде. Өңір тұрғындары бүгін таңнан бері учаскелерге бірлесіп келіп, өз таңдауын жасауда. Әсіресе, ауыл тұрғындары ұйымшылдық пен азаматтық белсенділіктің жарқын үлгісін көрсетіп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қаратал ауданының Кәлпе ауылында бір мезетте 400 адам келіп дауыс берсе, Көксу ауданының 10 жылдық Қазақстан ауылында 200 адам, ал Кербұлақ ауданының Басши ауылында 100-ден астам тұрғын дауыс беруге бірге жиналды. Бұл ауылдардағы тұрғындардың осындай бірлігі референдумның маңыздылығын одан әрі арттыра түскендей.
Кәлпе ауылында дауыс беруге ауылдың 14 көшесінің тұрғындары түгелге жуық жиналды. Ауылдың құрметті ақсақалы, 40 жылдық тәжірибесі бар мал дәрігері Сүлеймен Андасбаев пен денсаулық сақтау саласының ардагері Бәтен Бұлдыбаева да осы белсенді топтың арасында болды.
– Бүгінгі референдумның Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келуі ерекше көңіл күй сыйлады. Учаске ашылғалы бері мерекелік көңіл күй орнап, ерекше атмосфера қалыптасты. Жанымызда киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдардан дәм таттық. Балалар асық ойнап, жастар алтыбақан тепті. Ауыл болып бір уақытта дауыс беруіміз – еліміздің болашағына қосқан ортақ үлесіміз, халықтың ынтымағы мен бірлігінің көрінісі. Конституция – тұрақтылық пен дамуымыздың негізі, – дейді Бәтен Бұлдыбаева.
10 жылдық Қазақстан ауылы да өзінің еңбекқорлығымен, ұйымшылдығымен танымал елді мекендердің бірі. Бүгін мұнда 200 адам бір мезетте учаскеге келіп, ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті.
– Референдумға қатысу – біз үшін тек азаматтық парыз емес, еліміздің болашағын айқындайтын ерікті таңдауымыз. Ауылымыздың, тұтас мемлекетіміздің келешегі үшін дауыс беріп жатырмыз. Бүгінгі бірлескен дауыс беруіміз – ауыл халқының ауызбіршілігі мен ел болашағына деген сеніміміздің белгісі, – дейді ауыл ақсақалы Сапар Смағұлов.
Жас буын өкілдері де референдумның маңыздылығын атап өтті:
– Бүгін мен алғаш рет дауыс беріп отырмын. Ата-анаммен, көршілерімізбен бірге келдік. Үлкендердің ел болашағына деген жауапкершілігін көріп, мен де өз таңдауымды мақтанышпен жасадым. Себебі еліміздің ертеңі дәл бүгінгі таңдаудан басталатынын сезіндім, – дейді ауылдың белсенді жасы Назерке Мұсабай.
Жалпы, Жетісу өңіріндегі ауыл тұрғындарының бірлігі мен ынтымағы – референдумның тарихи маңызын тағы да терең сезіндірді. Тұрғындардың белсенділігі еліміздің тұрақты дамуы мен бірлігіне деген берік сенімнің дәлелі болды.
Қанның қалыпты сұйықтық деңгейінде болуы, адам ағзасының дұрыс жұмыс істеуі үшін аса маңызды. Сол себепті күніне 1,5-2 литр сұйықтық тұтыну қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







