Ішкі істер министрлігі алдағы республикалық референдумға қатысты азаматтарға арнайы үндеу жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев еліміздің жаңа Конституциясына байланысты жалпыхалықтық референдум 15 наурызда өтетінін еске салып, осы кезеңде жалған ақпараттардың таралу қаупі арта түсетінін атап өтті.
«Қазір нейрожелілер мен жасанды интеллект технологияларының дамуымен фейк ақпараттарды жасау және тарату айтарлықтай жеңілдеді. Аз ғана уақыт ішінде кез келген адам сенімді көрінетін материал дайындап, оны әлеуметтік желіге немесе мессенджерге таратып, халықты адастыруы мүмкін. Сондықтан жалған ақпарат тарату заңмен қудаланып, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз», – деді Әлекешев.
Оның айтуынша, министрлік азаматтарды заңға бағынуға және ақпараттық тазалықты сақтауға шақырады.
«Ресми дереккөздерге сүйенбейтін, әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы келетін күмәнді хабарламаларға сенбеңіз. Мұндай ақпаратты өзгеге жібермеңіз. Өйткені жалған мәлімет көбіне осылай тез тарайды», – деді ол.
ІІМ референдум кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететінін хабарлады.
«Елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған кез келген әрекетті дереу анықтап, оған тиісті құқықтық баға беріледі. Тек ресми және сенімді ақпарат көздеріне ғана сеніңіздер», – деді ведомство өкілі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







