Қазақстанда жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне санаулы күндер қалғанда Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов құжатты әлі де жетілдіре түсуге болатынын жеткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қошмамбетов нені меңзеді?
Бүгін Мәжілісте жыл қорытындысына арналған соңғы пленарлық отырыс өтті. Жиын барысында депутаттан жаңа Салық кодексінің бизнес үшін қаншалықты тиімді болатынын сұрағанымызда, ол бұл реформаның жалпы қажеттілігіне күмән келтірмейтінін айтты. Бірақ кейбір тұстары әлі де нақтыланса, нәтиже анағұрлым сапалы болар еді деген пікірін білдірді.
– Жалпы, жаңа Салық кодексі мен салық реформасының қажеттігіне еш күмән жоқ. Оның уақыты келді. Алайда 3-4 норманы қайта қарасақ, құжат әлдеқайда тиімді болар еді. Бұл жерде әңгіме салық мөлшерлемесі туралы емес. Салық мөлшерлемесі валюта бағамы сияқты өзгеріп отырады. Мәселен, бұдан 7-8 жыл бұрын қосылған құн салығының мөлшерлемесі 20 пайыз болатын. Ол нарық жағдайына байланысты өсіп немесе төмендей береді. Ал қазір қоғамда бұрыннан қалыптасқан бизнестің жүйелі жұмысына кедергі келтіретін нормалар енгізіліп отыр, – деді Айтуар Қошмамбетов.
Депутат Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жылдан бері шағын және ірі бизнес арасында өзара тығыз байланыс қалыптасқанын атап өтті. Оның айтуынша, шағын бизнес ірі кәсіпорындарға тауар жеткізіп, қызмет көрсетеді. Мұндай кооперация барлық елдерде қолдау табады, ал біздегі жаңа кодекс осыны шектей бастаған көрінеді.
– Қазір шағын бизнестің өзі жеке бухгалтерия ұстап, есеп жүргізуге мәжбүр болады. Егер осы норманы өзгерте алсақ, кәсіпкерлерге үлкен көмек болар еді. Сондай-ақ, бір кәсіпкердің бірнеше компанияны жеңілдетілген салық жүйесі бойынша басқаруына тыйым салатын норма да тиімсіз. Бір кәсіпкер әртүрлі салада жұмыс істеуі мүмкін. Бұл дегеніңіз салық төлеуден жалтарады немесе мемлекетке зиян келтіреді деген сөз емес, – деп түсіндірді депутат.
Сонымен қатар, Айтуар Қошмамбетов цифрлық бақылауды күшейтіп, электронды мониторинг арқылы салық төлеушілердің қызметін ашық қадағалау маңызды екенін жеткізді.
Кәсіпкердің жолын кім кеседі?
Бұған қоса депутат бір уақытта бірнеше реформаны қатар іске асырудың экономикаға жағымсыз әсері болуы мүмкін екенін ескертті.
– Жаңа жылдан бастап бірнеше маңызды өзгерістер бір мезетте күшіне енеді. Жаңа Салық кодексі, тауарлардың ұлттық каталогы, отандық тауар өндірушілерінің реестрі, жаңа салық кабинеті және тарифтердің өзгеруі – мұның бәрі бизнеске үлкен жүктеме болады. Ақыр соңында мұның салқыны тұтынушыға, яғни халыққа тиеді. Менің ойымша, мұндай көлемді өзгерістерді бір мезгілде енгізуге болмайды. Себебі, бұл экономиканы күйзеліске ұшыратуы ықтимал. Алдағы уақытта реформаларды кезең-кезеңімен енгізген дұрыс болар еді, – деді ол.
Еске сала кетсек, Қазақстанда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Алғашында кодексте арнайы салық режимін пайдалануға тыйым салынған қызмет түрлерін кеңейту жоспарланған болатын. Үкіметтің қыркүйектегі талқылауында тыйым салынатын қызмет түрлері 1000-ға жуықтайды деген мәлімдеме жасалды.
Дегенмен, қазан айында шағын және орта бизнеске салмақ түсірмеу мақсатында бұл тізім қысқартылып, арнайы салық режиміне тыйым салынған қызмет түрлері бұрынғыдай 44 қана болып бекітілді.
Осылайша, билік бизнестің жағдайына қарай икемделгенімен, депутаттардың айтуынша, әлі де болса кейбір ережелерді жетілдіру қажеттілігі туындап тұр. Қазіргі экономикалық жағдайды ескерсек, аталған ұсыныстарды Үкіметтің де қайта қарауы мүмкін. Себебі бизнес – ел экономикасының негізгі тірегі, сондықтан салық салуда бизнеске тиімділік жасау – мемлекет үшін маңызды міндеттердің бірі.
Ал Қаржымин болса, Қазақстанның салық органдары мобильді аударымдар мен салық төлемдерін толық бақылауға дайын екенін айтып жанығып отыр.

