Иран Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы Әли Ларижанидың қазасы елдегі саяси жүйенің күрделі табиғатын тағы бір мәрте көрсетті. Қуанышбек Қаридің айтуынша, Ларижанидың өмір жолы мен саяси тағдыры Ирандағы билік құрылымының көпқабатты әрі қайшылыққа толы екенін көрсетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
28 ақпанда Иранның жоғарғы көсемі қаза тапқаннан кейін Әли Ларижани уақытша саяси ықпалға ие тұлға ретінде алға шықты. Сол кезеңде билік тармақтарының басым бөлігі оның ықпалында болғаны жасырын емес. Алайда көп ұзамай ол Израильдің зымыран соққысы кезінде қаза тауып, бұл ақпарат біраз уақыт ресми түрде расталмай, кейін ғана мемлекеттік арна арқылы жарияланды.
Қуанышбек Қаридің пікірінше, бұл жағдай Ирандағы ақпараттық саясаттың жабық сипатын көрсетеді. «Аятолла қайтыс болғанда да дәл осындай кідіріс болды. Бұл елдегі ақпарат тарату жүйесінің ерекшелігі», – дейді ол.
Ларижанидың өмір жолында саясаттан бөлек мәдениет пен медиа саласы ерекше орын алады. 1994-2004 жылдары ол Иранның теле-радио ұйымын басқарды. Сол кезеңде елде жаңа арналар ашылып, ақпараттық саясат жаңғыртылды. Мәдениет, спорт, діни бағыттағы және таза ақпараттық арналар іске қосылды.
Қуанышбек Қаридің айтуынша, дәл осы кезең Ларижанидың интеллектуалдық әрі шығармашылық қырын айқындаған уақыт болған. «Ол батыстық ақпарат тарату тәсілдерін енгізіп, халықаралық деңгейде ойлайтын медиажүйе қалыптастыруға тырысты», – дейді автор.
Ларижани саясатта да ерекше орын алды. Ол реформаторлар мен консерваторлар арасындағы тартыста аралық тұлға ретінде көрінгенімен, кейін өзін консервативтік бағытта танытты. Соған қарамастан, оның батыс философиясын меңгеруі және ашық пікірталасқа бейімділігі оны өзгелерден ерекшелендірді.
Қуанышбек Қаридің пікірінше, Ларижани Ирандағы сирек кездесетін интеллектуал саясаткерлердің бірі болған. «Ол батысты тек сынмен ғана емес, түсіністікпен қарастыратын тұлға еді», – дейді ол.
Саяси мансабының келесі кезеңінде Ларижани Иран мәжілісін бірнеше рет басқарды. Бірақ бұл кезеңде ол түрлі саяси дау-дамайдың ортасында қалып, беделі әлсірей бастады. Тіпті президент сайлауына қатысуға талпынысы да нәтижесіз аяқталды.
Соған қарамастан, ол халықаралық саясатта белсенділігін сақтап қалды. Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерде, сондай-ақ Ресей және Қытаймен стратегиялық байланыстарда маңызды рөл атқарды.
Соңғы жылдары, әсіресе Израильмен болған қысқа мерзімді соғыстан кейін Ларижани қайтадан алдыңғы қатарға шықты. Ол аятолланың өкілі ретінде аймақтағы елдерге барып, соғыстың алдын алу бойынша келіссөздер жүргізді. Бұл кезеңде ол Иранның бейресми сыртқы саясат өкіліне айналғаны байқалды.
Қуанышбек Қаридің айтуынша, бұл жағдай Ирандағы қосарланған билік жүйесінің көрінісі. «Ирақчи – ресми үкіметтің сыртқы істер министрі болса, Ларижани – діни биліктің сыртқы саясатын жүргізген тұлға болды», – дейді ол.
Түйін
Ларижанидың өмірі мен қызметі біржақты бағалауға келмейді. Ол саясатта да, мәдениетте де із қалдырған, бірақ қайшылыққа толы тұлға болды. Қуанышбек Қаридің пікірінше, оның қазасы – тек саяси оқиға емес. «Бұл – саясат пен әскери жүйенің құрбанына айналған ой адамының трагедиясы», – дейді автор.
Иранда «саясаттың әке-шешесі жоқ» деген сөз бар. Ларижанидың тағдыры осы сөздің нақты көрінісіне айналды. Ахеменидтерден бастау алатын күрделі мемлекеттік жүйе бүгінгі күні де көп қабатты қорғаныс құрылымымен ерекшеленеді. Соның бірнеше қабаты әлсірегенімен, толық күйреу туралы айту әлі ерте.
Ларижанидың өмір жолы билік, идея және қайшылық тоғысқан күрделі кезеңнің айнасы.
Саясаттанушы Тимур Сейітмұратов Иранның соңғы әрекеттері аймақтағы елдерді, керісінше, АҚШ-ты әскери операцияларды соңына дейін жеткізуге итермелеп отырғанғанын алға тартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







