Әнші Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желідегі жазбасында журналист Жанар Байсейітоваға қатты сын айтты. Оның сынына себеп болған дүние – әйел тағдырын жеңіл сөздің, арзан әңгіменің, рейтинг қуған контенттің деңгейіне түсіріп жіберген сұхбат себепші болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Меруерт Түсіпбаеваның ашуына тигені сұхбаттағы «екінші әйелімді шәкіртіме ұзаттым» деген мазмұндағы сөз. Мұндай тіркес әйелді тірі адам, жеке тағдыр иесі, құқық субъектісі ретінде емес, біреудің қолындағы мүлік сияқты көрсетеді. Қарапайым оқырманды да шошытқан тұс осы. Әйел – зат емес. Әйел – «берілетін», «ауыстырылатын», «ұстатылатын» дүние емес.
Қазақ қоғамы қанша жерден дәстүр, дін, тәрбие туралы сөйлесе де, осындай сәтте шын бет-бейнесі көрінеді. Егер біреудің аузынан шыққан сөзде әйел қадірі тапталып тұрса, соған қарсы реакция да анық болуы тиіс.
Әнші өз жазбасында журналистің ұстанымына да шүйлікті. Оның ойынша, мұндай сөз айтылған сәтте жүргізуші бейтарап тыңдаушы кейпінде отырмай, қарсылығын білдіруі керек еді. Кем дегенде «әйел зат па?» деп сұрақты төтесінен қоюы қажет болатын.
Журналистика деген микрофонды үнсіз ұстап отыру емес. Әсіресе адамдық өлшемге тиетін, қоғамға қате сигнал беретін сөз айтылғанда, жүргізуші де өз кәсіби шекарасын көрсетуге міндетті.
«Батыл формат», «халыққа керек контент» ол не?
Осы тұста қоғамдағы бір үлкен қайшылық байқалады. Біз көп жағдайда зорлық-зомбылықпен, әйел құқығымен, отбасы құндылығымен күрес туралы сөйлейміз. Бірақ сол әйелдің ар-намысына тиетін, оны еркектің қалауына тәуелді етіп көрсететін әңгімені көпшілікке таратуға келгенде тым сабырлы болып кетеміз. Түсіпбаеваның «әйелдер ынтымағы қайда?» деуі де содан. Өйткені мұнда сөз жеке реніште емес, әйелдің қоғамдағы орны туралы түсінікте тұр.
Тағы бір маңызды мәселе хайп пен жауапкершілік арасындағы шекара. Қазір көп арна қаралым үшін бәріне барады. Даулы қонақ шақырады, анайы сөзді өткізіп жібереді, соны «ашық пікір», «батыл формат», «халыққа керек контент» деп ақтап алуға тырысады.
Негізінде, қаралым көп болды екен деп, кез келген сөз құнды болып кетпейді. Керісінше, кей контент қоғамның талғамын түсіреді, ойлау деңгейін әлсіретеді, жастардың санасына қате үлгі ұсынады.
Меруерт Түсіпбаеваның жазбасындағы ең өткір ойдың бірі «мұндай сұхбаттың тәрбиелік мәні қандай?» деген сауал. Расында, экран алдындағы жас көрермен не көреді? Бір еркек әйелдерін саусағымен санап отыр. Екіншісін шәкіртіне бере салдым дегенді еркін айтады.
Ал жүргізуші қарсы сұрақсыз тыңдап отыр. Мұнан қандай өнеге шығады? Мұндай кадр қоғамды алға сүйремейді. Керісінше, әйелді төмендететін, оны еркектің ермегіне айналдыратын ескі түсінікті жаңғыртады.
Түсіпбаева ойынша, мұндай оқиғаға құқықтық баға да қатаң болуы керек. Бұл жерде көпшілік келісер, келіспес. Бірақ бір нәрсе анық: қоғам бұрынғыдай үнсіз емес. Көзі ашық, көкірегі ояу аудитория мұндай сөзді де, мұндай форматты да қабылдай бермейді.
Қанның қалыпты сұйықтық деңгейінде болуы, адам ағзасының дұрыс жұмыс істеуі үшін аса маңызды. Сол себепті күніне 1,5-2 литр сұйықтық тұтыну қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







