АҚШ‑тың Калифорния штатында орналасқан ұйқыны зерттейтін REMspace компаниясының ғалымдары бұрын ғылыми фантастикада ғана айтылатын құбылысқа қол жеткізгенін мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Зерттеу барысында екі адам ұйықтап жатқан күйінде, яғни саналы түс көру (lucid dream) кезінде бір‑бірімен байланыс орната алған. Тәжірибеге саналы түс көру тәжірибесі бар екі ерікті қатысқан.
Қатысушылар өз үйлерінде ұйықтап жатқан кезде олардың ми белсенділігі қашықтан, нақты уақыт режимінде бақылауға алынған. Ғалымдардың негізгі мақсаты – адам оянбай‑ақ түс ішінде қарапайым хабарлама жіберіп, оны қабылдап, жауап бере ала ма деген сұраққа жауап табу. REMspace зерттеушілерінің айтуынша, тәжірибе сәтті өткен.
Саналы түс көру адам ұйықтап жатқанымен, түс көріп жатқанын түсінетін ерекше күй. Осындай жағдайда адам ойлау қабілетін сақтап, кейде түс ішіндегі әрекеттерді басқаруға да мүмкіндік алады. Мұндай күй көбіне REM фазасында байқалады. REM – ми белсенділігі өте жоғары болатын, айқын әрі күрделі түстер көрінетін ұйқы кезеңі.
Тәжірибе кезінде арнайы құрылғылар қатысушылардың ми толқындарын тіркеп отырған. Жүйе бірінші қатысушы REM фазасына өтіп, саналы түс көре бастағанын анықтаған сәтте сервер арнайы сөз генерациялап, оны құлаққап арқылы ұйықтап жатқан адамға жеткізген.
Зерттеушілер қолданған сөз – «Zhilak». Әдейі ойлап табылған термин. Ғалымдар тілдік шатасуды болдырмау үшін ешбір тілде кездеспейтін сөзді таңдаған. Ұйқы ішінде жатқан бірінші қатысушы сөзді естіп, түс барысында оны дауыстап қайталаған. Айтылған жауап жүйе арқылы жазылып, қатысушы оянбай‑ақ тіркелген.
Шамамен сегіз минут өткен соң екінші қатысушы да REM фазасына өтіп, саналы түс күйіне кірген. Бұған дейін жазылып сақталған хабарлама дәл сол тәсілмен оған да жіберілген. Ол да түс ішінде сөзді қайталап айтып, кейін оянған соң тәжірибе кезінде сөз естігенін растаған.
REMspace мәліметінше, осындай тәсіл арқылы екі адамның түс ішінде хабар алмасуы ғылым тарихында алғаш рет тіркеліп отыр. Компания тәжірибені адамдар арасындағы алғашқы «түс ішіндегі чат» деп сипаттады.
Зерттеу барысында қолданылған технология бірнеше компоненттен тұрған. Ми белсенділігін бақылайтын аппараттар, орталық сервер және сымсыз байланыс жүйесі бір желіге біріктірілген. EEG сигналдарын талдау арқылы жүйе қатысушылардың саналы REM ұйқысына өткен сәтін анықтап, хабарламаны дәл сол мезетте жеткізген. Нәтижесінде дыбыс сигналдары адамды оятып жібермей, түс сюжетіндегі элемент ретінде қабылданған.
Зерттеушілердің айтуынша, негізгі техникалық қиындық – аудио сигналды мидың түс өңдеу кезеңімен дәл сәйкестендіру. Егер уақыт дәл келмесе, адам оянып кетуі мүмкін. Ал синхрон дұрыс болған жағдайда дыбыс түс мазмұнына табиғи түрде кірігеді.
REMspace компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Майкл Радуга мұндай технологияның болашағына сенім білдіреді. Оның айтуынша, кеше ғана түс ішінде байланыс орнату ғылыми фантастикаға ұқсайтын. Ал алдағы жылдары мұндай тәжірибе үйреншікті технологияға айналуы мүмкін.
Радуга REM ұйқы кезеңін болашақтағы ірі технологиялық бағыттардың бірі ретінде қарастырады. Компания пікірінше, REM ұйқысы адамға толыққанды виртуалды шындыққа ұқсас тәжірибе сыйлай алады. Түс кезінде адам көреді, естиді, сезеді, иіс пен дәмді қабылдайды, ауырсыну мен рахатты да сезінуі мүмкін. Кей жағдайда адам өз келбетін немесе ортасын өзгертіп, мүлде басқа бейнеге ене алады.
Контекст
Ғалымдардың пікірінше, тәжірибе толық дәлелденсе, мұндай технологияның практикалық қолдану аясы кең болуы ықтимал. Мәселен, психотерапия саласында PTSD немесе ауыр күйзеліс алған науқастарға көмектесуге мүмкіндік туады. Мамандар пациенттің қиын естеліктерімен қауіпсіз түс кеңістігінде жұмыс істеу тәсілдерін қолдануы мүмкін.
Соған қарамастан ғылыми қауымдастық әзірге сақтық танытып отыр. REMspace жүргізген тәжірибе тәуелсіз зерттеушілер тарапынан тексерілген жоқ және рецензиядан өткен ғылыми журналдарда жарияланбаған. Сондықтан көптеген ғалым нәтижелерге күмәнмен қарап отыр.
Компания өкілдерінің айтуынша, түс ішіндегі байланыс технологиясын әзірлеуге шамамен бес жыл уақыт кеткен. Қазіргі уақытта жүйемен өзара әрекеттескен қосымша қатысушылар да болған. REMspace дерегінше, кейбір адамдар түс кезінде жүйеден сигнал қабылдап, қарапайым әрекеттер орындаған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







