Мемкірістер комитеті 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексінде бизнес өкілдері үшін үш түрлі арнайы салық режимі (АСР) белгіленгенін хабарлады, деп жазады Ertenmedia.kz.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген арнайы салық режимдері мыналар жатады. Олар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған АСР, оңайлатылған декларация негізіндегі АСР және шаруа және фермерлік қожалықтарға (ШФҚ) арналған АСР.
Жаңа режим, ескі ереже
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, жалдамалы жұмысшылары жоқ. Тек үкімет бекіткен тізімдегі қызмет түрлерімен айналысатын жеке тұлғалар қолдана алады. Аталған қызмет түрлерінің тізімі өткен жылдың қараша айында Үкімет қаулысымен бекітілген болатын. Оған такси қызметі, дайын тамақты жеткізу, курьерлік қызмет, шаштараз секілді барлығы 40 қызмет түрі енген.
Бұл жерде бір ескеретін жайт 2025 жылы патентпен немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген жеке кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 қаңтар мен 28 ақпан аралығында міндетті түрде кәсіпкер ретінде тіркеуден шығуы тиіс.
Содан кейін ғана олар өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың режиміне ауыса алады. Егер жеке кәсіпкер бұл талапты орындамаса, 2026 жылдың 1 наурызында салық органдары автоматты түрде оны кәсіпкерліктен шығарады, ал кәсіпкерліктен шығарылған күн ретінде 2026 жылдың 1 қаңтары белгіленеді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың режимі мобильді қосымшада чек қалыптастырылған айдан бастап қолданылады.
Оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режиміне шарттарға сәйкес келетін барлық салық төлеушілер ауыса алады. Олардың қатарына 2025 жылы оңайлатылған декларация, тіркелген шегерім және бөлшек салық режимін қолданғандар кіреді. Бұл режимге ауысу үшін 2026 жылғы 1 қаңтар мен 28 ақпан аралығында салық органдарына арнайы хабарлама жолдау керек. Екінші бөлімінде «оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ға ауысамын» деп көрсету қажет. Режим 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Сонымен қатар, бұл режимге 2025 жылы жалпы белгіленген тәртіпте жұмыс істеген, оның ішінде арнайы режимдердің талаптарына сай болмағандықтан жалпы режимге көшірілген салық төлеушілер де ауысуға құқылы.
Арнайы салық режиміндегі өзгерістердің мәні
Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерге арнайы ескерту жасады. 2025 жылы оңайлатылған декларацияны, тіркелген шегерімді немесе бөлшек салық режимін қолданған кәсіпкерлер 2026 жылдың 28 ақпанына дейін арнайы хабарлама беруі керек. Хабарлама бермеген жағдайда 2026 жылдың 1 наурызынан бастап автоматты түрде жалпы салық төлеу тәртібіне ауыстырылады. Бұл жағдайда жаңа тәртіпке көшу күні 2026 жылдың 1 қаңтары деп саналады.
«Осыған байланысты, арнайы салық режимдерін пайдаланатын салық төлеушілер қызметін әрі қарай жүргізу үшін өздеріне қолайлы режимді алдын ала таңдауы қажет», – деп ескертті комитет өкілдері.
Еске салсақ, өткен жылдың соңында Қаржы министрлігі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы жеке кәсіпкерлерге маңызды хабарламалар жолданатынын мәлім еткен болатын. Бұл салық органдарына хабарлама беруге міндетті кәсіпкерлердің тиісті мерзімдерді өткізіп алмауы үшін жасалып отыр.
Айтпақшы, жаңартылған Салық кодексі аясында шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін декларацияның алдын ала толтырылған үлгілері қолжетімді болады.

