Депутат Үнзила Шапақ елдегі жүздеген мың бала ойнайтын Roblox платформасының қауіп-қатеріне қатысты Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шапақтың айтуынша, кейінгі уақытта Парламентке ата-аналар тарапынан Roblox ойынының балалар психикасына теріс әсері туралы шағым жиі түсіп жатыр.
Негізгі алаң тудыратын мәселе жасөспірімдердің виртуалды ойынға тәуелді болуы, агрессивті мінез-құлықтың күшеюі және шынайы өмірден алыстап, жасына сай келмейтін контентпен бетпе-бет келуі.
«Ойынға тым беріліп, агрессияға бейімделіп, өмірден алшақтау деректері кездесіп жатыр. Бұл жерде басты қауіп бала психикасына ұзақ мерзімде зиян келуі.
Одан бөлек, Roblox секілді ашық онлайн платформаларда кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстық ниеті бар тұлғалар да жүр. Олардың арасында педофилдер мен алаяқтар бар.
Мұндай қылмыскерлер әуелі ойындағы чат арқылы баланың сеніміне кіріп, кейін Telegram-ға жеке хат алмасуға шақырады. Соңы жасырын кездесу ұйымдастырумен, қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін», – деді депутат өз мәлімдемесінде.
Компания басшылығы «Roblox қауіпсіз орта» деп сендіргенімен, депутат миллиондаған адам қолданатын платформаны толық бақылауға алу мүмкін еместігін баса айтты. Бұған дейін Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Roblox ойынына Қазақстан аумағында шектеу енгізу немесе бұғаттау мәселесі қарастырылмағанын мәлімдеген.
Дей тұрғанмен…
Үнзила Шапақ бірқатар елдің осы платформаға қатысты әкімшілік шектеу шараларын енгізгенін еске салды.
Осы мәселеге орай депутат Үкіметтен үш сұраққа ресми жауап беруді талап етті:
- Қазақстанда Roblox платформасының балаларға психологиялық және әлеуметтік ықпалына қатысты арнайы зерттеу жүргізілді ме?
- Халықаралық тәжірибені ескере отырып, қосымша шектеулер мен бақылау тетіктерін енгізу мүмкіндігі қарастырыла ма?
- Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура ойын платформалары арқылы жасалған қылмыстар туралы деректерді тіркеді ме?
Депутаттың айтуынша, мәселе балалардың қауіпсіздігі мен ата-аналардың мемлекетке деген сеніміне тікелей байланысты. Сондықтан Үкімет тарапынан ашық әрі нақты ұстаным қажет.
Айтқандай, Мәжілісте ҰҚШҰ-ға қатысты мәселе қаралып жатыр. Ұйымға тосын құзірет берілуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

