2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстандағы кітапхана қызметіне деген қызығушылық бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріліп, кітап оқырмандарының саны 11 миллионнан асты. Бұл кітап оқуға деген ынтаның артып, қоғамдағы мәдени өмірдің жанданып келе жатқанын айқын көрсетеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ресми статистикаға сүйенсек, кітапханаға ең көп баратын өңірлер қатарында Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Ақмола облыстары көш бастап тұр. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысының кітапханаларына алғашқы үш айда 967 458 адам келсе, Түркістан облысында бұл көрсеткіш 760 261, Ақмола облысында 713 640 адамды құрады.
Сарапшылардың пікірінше, кітапханалардың мәдени-ағартушылық шараларға ерекше көңіл бөлуі, танымал қаламгерлермен шығармашылық кездесулер өткізуі және жастарға арналған оқырман клубтарын ұйымдастыруы келушілер санын еселеп арттырған. Сондай-ақ өңірлердегі кітапханалар қорын жаңа кітаптармен тұрақты толықтырып отыруы да халықтың қызығушылығын оятқан.
Аталған кезеңде қазақстандық оқырмандар арасында ерекше сұранысқа ие кітаптар да белгілі болды.
Ең көп оқылған кітаптар көшін Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы бастап тұр. Одан кейінгі орындарды Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр», Дулат Исабековтың «Қарғын», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» және Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» туындылары иеленген.
Жалпы, аталған көрсеткіштер елдегі кітап оқу мәдениетінің жаңа қарқын алып, рухани-мәдени даму үдерісінің серпін алғанын аңғартады. Әсіресе, жастардың әдебиетке деген қызығушылығының артуы қуантарлық жағдай. Бұл үрдіс болашақта да жалғасын табады деген сенім бар, деп жазады Ertenmedia.kz.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







