Танымал журналист Айжан Көшкенова бүгін қызықты бір парадоксқа таңғалғанын айтып, ойымен бөлісіпті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, бір орыс қызы қазақтарды қазақ тілін үйренуге шақырып жатқанда, қазақ қызы, керісінше, ана тілінде қызмет алғысы келген қазақ жігітін «егер бұл АҚШ-та болса, құқық бұзды деп кісендеп алып кетер еді» деп сынаған.
АҚШ-та неміс тілі қалай әлсіреді?
Айжан Көшкенованың сөзінше, бұл жағдай үш жыл бұрынғы жазбасын еске салған. Онда ағылшын тілінің әлемдегі үстемдігі кездейсоқ емес екені, АҚШ-тың 26-президенті Теодор Рузвельттің: «Біздің елде бір ғана тілге орын бар, ол ағылшын тілі. Америка ұлт, көптілді жатақхана емес. Әрбір иммигрант 5 жылда ағылшын тілін үйренуі немесе елден кетуі тиіс» деген сөздерін мысалға келтірген еді.
Журналист өткен ғасырдың басында АҚШ-та ең танымал тіл ағылшын тілі емес, неміс тілі болғанын еске салды. Бірақ Бірінші дүниежүзілік соғыс тұсында неміс тіліне қарсы қатаң шаралар жүргізілді. Мемлекеттік деңгейде неміс атаулары өшіріліп, мектеп бағдарламаларынан алынды.
Тіпті кей штаттарда қоғамдық орындарда мектепте, көшеде, телефонмен сөйлескенде де ағылшын тілінен басқа тілде сөйлеуге тыйым салынған.
Осындай шаралардан кейін неміс тілі АҚШ-та ешқашан бұрынғы дәрежесіне қайта көтеріле алмаған. Қазіргі таңда ағылшын тіліне ешқандай қауіп жоқ, сондықтан америкалықтар басқа тілдерге де қолдау көрсетіп отырады. Ал Теодор Рузвельт болса, ұлттың бірлігін күшейткен, Американы әлемдік державаға айналдырған көшбасшы ретінде тарихта қалды.
– Он жыл бұрын АҚШ-қа барғанымда, Сиэтлге жақын орналасқан Туалип тайпасы үндістерінің резервациясына барғанбыз. Сол жердегі жергілікті тұрғындар ана тілдерін ұмытқан, өз тілдерінде тек есімдерін ғана айта алады екен. 1887 жылғы заң бойынша мектептерде үндістердің ана тілінде сөйлеуге тыйым салынған, бұл заң тек 1990 жылы күшін жойған. Осы аралықта үндістердің 60 тілі жойылып, тағы 60-120 тіл жоғалу қаупінде қалған, – дейді Айжан Көшкенова.
Философ Хантингтонның ескертуі
Журналистің пікірінше, тіл адамдардың арасын тереңнен байланыстыратын, ұлттың бірлігін сақтайтын қуатты құрал. Қазақ тілінде сөйлейтін орыстар бірден жылы көрінетіні жасырын емес. Мысалы, журналистің бауырының қызы балабақшаға барғанда орысша сөйлейтін қазақтарды «орыстар», ал қазақша сөйлейтін орыстарды «қазақтар» деп ойлаған екен.
Бір тілдің екінші доминант, әсіресе отаршылдықпен келген тілмен қатар өмір сүруі мүмкін бе деген сауалға америкалық философ әрі саясаттанушы Сэмюэль Хантингтон былай деп жауап береді:
– Екі бәсекелес тілдің бір қоғамда қатар өркендеуі сирек сәтті аяқталады. Французша сөйлейтін ағылшын-канадалықтар аз, Бельгиядағы фламандық пен валлондар бір-бірінің тілін білмейді, Швейцарияда неміс пен француз тілді азаматтар көбіне ағылшынша сөйлесуге мәжбүр. Мұндай қоғамдарда үнемі тілдік және саяси ажырау қаупі бар. Олар өз бірлігін тарихи тұрғыда тек өздерінен мықты көршілерінен қорқу арқылы сақтап келеді, – дейді философ.
«Тіл – рухтың қаны» деп жазды испан философы Мигель де Унамуно. «Сондай-ақ тіл – қарапайым нәрсе, бұл – қоғамның өзегі». Осы тұрғыдан Айжан Көшкенова қоғамымыздағы парадокстарды да, тілдің терең маңызын да естен шығармау керектігін еске салады.
Осыдан біршама уақыт бұрын белгілі PR маман Айбар Олжай жаңа буын жастар орыс тілінен саналы түрде, толықтай бас тартып жатқанын жазған болатын.

