Солтүстік Қазақстанда Ресей теміржолдары филиалының әрекетінен заң бұзушылық анықталып, монополиялық пиғылы әшкере болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл жағдайға Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті араласып, тиісті тергеп-тексеруді толық аяқтады.
Мәселе мынада Ресей темір жолдарының филиалы, яғни Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлімшесі Қазақстан аумағында өздеріне тиесілі электронды вагон таразыларының метрологиялық қызметін өте жоғары бағамен ұсынып келген. Бұл әділетсіз жағдай жергілікті кәсіпкерлердің наразылығын тудырып, құзырлы органдардың назарына ілікті.
Жүргізілген тексеріс нәтижесінде ресейлік компанияның Қазақстан нарығындағы үстем жағдайын теріс пайдаланып, монополиялық жоғары баға белгілегені анықталды. Осылайша көрші елдің кәсіпорыны Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабын бұзған.
Агенттіктің департаменті Ресей темір жолдарына заңбұзушылықты жою жөнінде нұсқама беріп, сотқа жүгінді. 2025 жылдың 24 желтоқсанында сот шешімі шығып, Ресей темір жолдары филиалына 1 880 052 теңге көлемінде айыппұл салынды. Оған қоса, монополиялық әрекеттен тапқан 7 327 728 теңге заңсыз пайдасы мемлекет пайдасына тәркіленетін болды. Дегенмен, сот шешімі әлі толық заңды күшіне енген жоқ.
Алайда департаменттің нұсқамасы орындалды. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресей темір жолдарының Қазақстандағы филиалы вагон таразыларының қызмет көрсету бағасын 754 698 теңгеден 536 357 теңгеге дейін түсірді. Енді бұрынғы бағадан 28%-ға төмендеді.
Мұндай әрекеттер Қазақстан нарығын басынуға болмайтынын және елімізді пайда табатын «оңай олжаға» айналдыруға ешкімнің қақы жоқ екенін анық көрсетеді. Кез келген шетелдік компания Қазақстанның заңына бағынуы тиіс. Қазақстанды «жаман үйге» айналдыруға жол жоқ. Ресейлік алпауыттарды осылай тәубесіне түсіріп тұру керек. Сонда ғана әділдік орнайды.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайтов Конституцияның 9-шы бабының екінші тармағын асты-үстіне түсіріп талқылап тастаған қоғам Мәжіліс пен Ақорданың арасында арпалыс жүріп жатқанын айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

