Шавкат Мирзияевтің қызы, әрі Президент әкімшілігінің басшысы Саида Мирзияева әкесінің Өзбекстанды қалай түлетіп жатқанын айтып берді деп жазады Ertenmedia.kz.
«Өзбекстан туралы» арнасына берген сұхбатында президенттің қызы әкесінің ел мүддесі жолында ауыр шешім қабылдауға мәжбүр болғанын тілге тиек етіпті. Айтуынша әкесінің билікке келгеннен кейін бұрынғыдан да қатал режим орнатып, реформалардың есігін құлыптап қоятын мүмкіндігі болған.
Кәрімовтың тұсындағы тоталитарлық жүйені одан әрі күшейтсе, оған ешкім қарсы келмес еді.
«Бүкіл билікті уысына жинаған әкем үшін ескі жүйені іліп әкетуге де болатын еді. Бірақ ол елдің беталысын мүлде басқаша, түбегейлі өзгертуге шешім қабылдады. Күрделі реформаларды қолға алды. Кәрімов?
Бұрынғы жүйеде жұмыс істеген кезде көп дүниеге көнуге мәжбүр болып, іштен тынып жүрді. Солай бола тұра, сол кезеңге ешқашан күйе жаққан емес. Өткен іс өтті.
Жаңа мүмкіндік туған сәтте бәрін басқаша істеуге бел буды. Ең алғашқы шешімінің бірі балалар еңбегін жою болатын. Сол арқылы мақта алқабындағы мәжбүрлі еңбек дәуірін тоқтатты», – дейді ол.
Мирзияев реформа жүргізуді қолға алған тұста президенттің төңірегінде бұған қарсылық танытқандар көп болған екен. Кәрімов іргесін қалаған жүйенің сол қалпында қала бергенін қалайтын саяси күштер Шавкат аканың аяғынан шалуға тырысыпты.
«Әкем валютаны либерализациялау туралы батыл бастама көтергенде, айналасындағы адамдардың қарсылығы қатты болды. Оны райынан қайтаруға, тіпті қорқытып-үркітуге тырысты.
Билікте Ислам Кәрімовтың өмірден өткенін қабылдағысы келмейтін, сол кісінің командасынан қалған шенеуніктердің шоғыры әлі де көп еді. Міне солар әкеме тізесін батырғысы келді.
Кейін оларды біртіндеп ауыстырды. Өйткені елдің бағытын өзгерту үшін ең алдымен адамдардың санасын өзгерту қажет болатын. Әкем осы қиындыққа төтеп беріп, өз ұстанымынан бас тартқан жоқ. Оның мақсаты айқын. Өзбекстанды гүлденген елге айналдырып, өзбектерді бақытты ету», – дейді президенттің қызы.
Айта кетелік, бұған дейін біз Мирзияевтің инвестициялық амбициясы күшейіп жатқанын жазған едік. Өзбек билігі ел резиденттерінің АҚШ-тағы компанияларға инвестиция салуына қатысты шектеуді толық алып тастамақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

