Сайрам ауданында биылғы жылдың соңына дейін жалпы сомасы 43,9 млрд теңгені құрайтын 21 инвестициялық жоба жүзеге асырылады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осы жобалардың нәтижесінде аудан көлемінде 1232 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл туралы Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев БАҚ өкілдерімен өткізген арнайы брифинг барысында мәлімдеді.
Аудан басшысы атап өткендей, қазіргі таңда Сайрам өңірінің өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында бірнеше маңызды жобалар қолға алынып жатыр. Солардың ішінде, құрылысы 95%-ға аяқталып қалған «Kuzov Karabulak» ЖШС ерекше орын алады. Бұл кәсіпорын автобөлшектер өндірумен айналысып, жобаға 2,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Аталмыш зауытта 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Мадияр Мұхтарұлы өткен жылы атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылы жалпы құны 30,3 млрд теңгеге бағаланған 16 ірі инвестициялық жоба іске асырылған. Осының арқасында ауданда 570 адам жұмыспен қамтылған.
– Өткен жылдың ең ірі жобаларының бірі «KAZ ECO MEAT» ЖШС-ң заманауи мал бордақылау кешені. Бұл кәсіпорында жыл сайын 5 мың бас ірі қара бордақыланып, 10 000 тонна ет өңделеді. Сонымен қатар, «MEAT MAGNAT» өндірістік кооперативі былтыр желтоқсан айында 10 мың басқа арналған заманауи мал бордақылау алаңы мен мал қалдықтарын өңдейтін арнайы цехты іске қосты. Ал 2026 жылы «FATIMA MEAT MAGNATE» шаруа қожалығы 10 мың бас уақ малға арналған бордақылау кешені мен мал сою алаңын, сондай-ақ «BEK-AGRO.KZ» шаруа қожалығы 5 мың бас ірі қара мал бордақылау алаңын пайдалануға береді. Бұл бастамалардың барлығы ауданның ет экспорттау әлеуетін арттырып, республика бойынша көшбасшы орнын сақтауға мүмкіндік береді, – деді аудан әкімі.
Өңірдің экономикалық көрсеткіштері де қарқынды дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 418,7 млрд теңгені құрап, 31,2%-ға өскен. Биыл бұл көрсеткішті 467 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы саласына былтыр 8,9 млрд теңге инвестиция тартылып, 158,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Биыл өнім көлемін 166,3 млрд теңгеге жеткізу көзделген.
Өнеркәсіп саласында да ілгерілеу байқалады. Өткен жылы 86,3 млрд теңгенің өнімі шығарылса, оның 78%-ы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Биылғы межеде өндіріс көлемін 96,6 млрд теңгеге жеткізу міндеті тұр.
Сонымен қатар, ауданға былтыр тартылған инвестиция көлемі екі есеге өсіп, 181,8 млрд теңгеге жеткен.
Инфрақұрылым саласында да маңызды өзгерістер бар. Ауданға қарасты 42 елді мекен ауыз сумен толық қамтылған. Электр желілерін жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде аудан тұрғындарының табиғи газбен қамтылу деңгейі 92,8%-ға, ал асфальтталған жолдардың үлесі 79%-ға жеткен.
Контекст
Әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалмаған. Қазіргі таңда Қарасу ауылында тұрғын үй тапшылығын шешу мақсатында жаңа мөлтек аудан бой көтеріп келеді. 57 гектар аумақта салынып жатқан жаңа ауданға сәйкес бес қабатты 47 тұрғын үй, ауыл әкімшілігінің ғимараты мен әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі. Осылайша, Сайрам ауданының инфрақұрылымы одан әрі дамып, тұрғындардың тұрмыс сапасы арта түспек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

