Алматыда ұсталған қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Редакциямыздың ресми сауалына жауап берген Бас прокуратура Боқаевқа сот шешімімен екі айға қамауда ұстау шарасы белгіленгенін растады.
«Алматының тергеу сотының қаулысымен күдікті Боқаевқа екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды», – делінген прокуратура хабарламасында.
Тергеу органы оған екі бап бойынша айып таққан:
ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы («Аса ірі көлемдегі алаяқтық»);
340-бабының 3-бөлігінің 1-тармағы («Ағаштарды заңсыз кесу, адамдар тобы болып жасаған әрекет»).
Қадағалау органы атап өткендей, сот шешімі прокурормен келісілген.
Тергеу болжамынша…
Санжар Боқаев әлеуметтік желілерде саябақ аумағында ағаштардың заңсыз кесілгені және құрылыс алаңдарынан ұрлық жасалғаны жайлы видеолар жариялап отырған. Тергеушілер бұл әрекеттерді қоғамдық пікірді манипуляциялау әрекеті деп санайды. Дегенмен басты айып басқада – Боқаевтың осы заңсыз әрекеттерді өзі ұйымдастырғаны айтылуда. Тергеу мәліметтері бойынша, ол табысы төмен азаматтарды жалдап, аталған жұмыстар үшін ақы төлеп отырған.
Еске сала кетсек, Санжар Боқаев 2025 жылдың тамызында Алматы орталығындағы бюджет есебінен сатып алынған жаңа брусчатканың жеке аулаларға әкетілгенін айтып, полиция шақырған болатын. Белсенді сол кезде осы деректерді Антикорға тапсыратынын мәлімдеген еді.
Санжар Боқаев кім? Ол кімдерге қарсы күрес жүргізді? Белгілі журналист Гүлжан Ерғалиева осы туралы пікірімен бөліскен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







