Қарағанды облысы спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы жанжалға қатысты тексеріс басталды.
Бұл туралы Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министр Мырзабосынов оқиғаға тым үстірт қарап, асығыс баға бермеуге шақырып отыр. Айтуынша, жанжалдың нақты себебін Мемқызмет істері анықтап, құқықтық баға беретін болады.
«Сәпиев? Бұл жағдайға спортшы ретінде емес, мемлекеттік қызметші ретінде қараған жөн. Оқиға спорт саласында емес, мемлекеттік мекемеде болған. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі толық тексеру жүргізіп жатыр. Қорытындысын күтейік», – деді министр.
Ол сондай-ақ Серік Сәпиевтің олимпиада чемпионы және екі дүркін әлем чемпионы екенін, басқарма басшысы ретінде өзіне жүктелген міндетті толық орындап келе жатқанын атап өтті. Десе де, бір кілтипан бар…
«Серік Сәпиевтің спортшы екенін алға тартып, оқиғаға басқаша реңк берудің қажеті жоқ. Жағдайдың анық-қанығын тексеріп жатырмыз. Менің ұстанымым бойынша, өңірлерде спорттың дамуына осындай танымал әрі тәжірибелі спортшылардың жетекшілік етуі маңызды. Бірақ олар мемлекеттік қызметте де өз саласын толық меңгерген, менеджерлік қабілеті бар азаматтар болуы тиіс», – деді Ербол Мырзабосынов.
Еске сала кетсек…
21 қаңтар күні Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімхановтың арасында жанжал шыққан. Кейін әлемжеліде оқиғаның видеосы тарап, жағдай тіпті ушыққан.
Күні кеше осыған қатысты мәлімдеме жасаған Сәпиев даудың қалқасында тұрған ықпалды тұлғаларды әшкерелеген болатын. Айтуынша, біреулер оның сыртынан маңызды құжатқа қол қоюға тырысқан.
«Өңірдегі кейбір ықпалды азаматтар менің сыртымнан спорт мекемелерінің басшыларын заңсыз ауыстырмақ болды. Мұны дер кезінде байқап қалып, мәселені бейбіт жолмен шешуге тырыстым», – деді Сәпиев әлеуметтік желіде.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты кешенді тексеріс жүріп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

