Әскердегі сарбаздар бұдан былай несие ала алмайды. Қаржы саласына енгізілгелі отырған жаңа тәртіп елдегі банк жүйесіне қосымша міндет жүктемек деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие беруші ұйымдарға азаматтардың әскердегі мәртебесін тексеруді міндеттейтін қаулы жобасын әзірледі. 3 ақпанға дейін қоғамдық талқыға түсетін құжатқа сәйкес
банктер мен шағын қаржы ұйымдары мерзімді әскери борышын өтеп жүрген азаматтарға несие беруден бас тартуға тиіс.
«Жаңа тәртіп бойынша Қорғаныс министрлігі мен несие бюролары ақпарат алмасады. Егер азамат әскер қатарына шақырылған болса, әлгі дерек оның кредиттік тарихында көрініп тұрады. Сол ақпарат негізінде қаржы ұйымдары мен банктер сарбаздарға несие беруге тыйым салады», – делінген құжатта.
Қаулыда сонымен бірге әскерге кеткен адамның бұрын алған несиесі де назардан тыс қалмаған.
Әскери борышын өтеп жүрген азаматтардың қолданыстағы займдары бойынша төлем мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін. Несие тарихында әскери борышты өтеу мерзімі және әскерден қайтқан сәт те нақты белгіленіп тұрады.
Жаңа ереже бір жағынан жастардың қарызға батып кету қаупін азайтуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан банк жүйесіне қосымша жауапкершілік артып отыр. Осылайша, несие беретін ұйымдар бұрынғыдай кез келгенге ақша үлестіруге емес, борышын өтейтін азаматтардың әлеуметтік жағдайына көбірек көңіл бөлуге мәжбүр болмақ.
Айта кетелік…
Бұған дейін президент Тоқаевтың қабылдауына кірген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы несие нарығында ахуалды баян еткен болатын.
«Халықтың қарызға батуын тежеу үшін тұтынушылық несие беру көлемі екі есе қысқартылып, тәуекелі жоғары қарыздарды рәсімдеуге шектеу қойылды. Сонымен қатар несие төлеу қабілетін бағалаудың жаңа, қатаң ережелері енгізілді», — деген еді Мәдина Әбілқасымова.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

