Таяу Шығыстағы соғыс жағдайына байланысты әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт өсті, деп жазады Ertenmedia.kz.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясынан кейін Brent маркалы мұнайдың мамыр айына арналған фьючерстерінің бағасы Лондондағы ICE Futures Europe биржасында 13,04%-ға көтерілді.
Бағаның бұлайша жылдам әрі елеулі түрде өсуіне Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізілімінің тоқтау қаупі себеп болды. Аталған бұғаз әлемдік мұнай саудасының шамамен 20%-ын және сұйытылған газ тасымалының 30%-ын қамтамасыз ететін аса маңызды логистикалық жол.
Brent бағасы 13 пайызға секірді
Иран тарапы қақтығысқа байланысты бұл бағыттағы сауда тоқтайтынын мәлімдеді. Соның салдарынан, Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұғаздың кіреберісінде кемінде 150 танкер жиналып қалған.
Мұнай бағасы алғашында барреліне 82,37 долларға дейін көтерілді. Кейінірек азиялық сессия басталған соң, баға сәл төмендеп, барреліне 79,38 доллар шамасында тұрақтады. Сауда барысында бағалардың құбылуы 6 доллардан асып, нарықтағы шиеленісті одан әрі күшейтті.
Бұл жағдайға танкерлерге арналған сақтандыру шығындарының күрт өсуі де қосымша әсер етуде. Бұрын бір рейстің әскери тәуекелділігіне қатысты сақтандыру құны кеме бағасының 0,25%-ын құраса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 0,37%-ға дейін артқан.
Мысалы, құны 100 млн доллар болатын бір танкердің бір рейсін сақтандыру шығыны 250 мың доллардан 375 мың долларға дейін өсті. Әрине, бұл қосымша шығындар мұнай бағасына тікелей әсер етеді.
Ормуз бұғазы арқылы тәулігіне 17-20 млн баррель мұнай өтеді. Сарапшылардың болжамынша, тасымалдың жартылай тоқтауының өзі күніне 8-10 млн баррель мұнай тапшылығын тудырады. Әлемдік тұтынудың шамамен 10%-ы.
Егер қақтығыс төрт аптаға созылатын болса, нарыққа жеткізілмеген мұнайдың жалпы көлемі 200-300 млн баррельге дейін жетіп, баға 80-120 доллар аралығына көтерілуі мүмкін. Financial Times басылымының дерегінше, сақтандыру компаниялары Парсы шығанағы арқылы өтетін кемелердің кепілдіктерін қымбаттатып, кейбір келісімшарттарды мүлдем жойып жатыр.
Қазақстан бюджеті үшін мүмкіндік
Қазақстан үшін мұнай бағасының өсуі әдетте жағымды жаңалық саналады. Дегенмен, экономист Эльдар Шамсутдиновтың пікірінше, әрбір доллар өсімі Қазақстанның экспорттық кірісіне 550 млн доллар, ал бюджетке шамамен 150 млн доллар қосады.
Яғни мұнай бағасының 72 доллардан 82 долларға дейін өсуі экспорттық кірісті жылдық есепте 5 млрд долларға арттыруы мүмкін. Алайда бұл тек баға тұрақты өскен жағдайда ғана жүзеге асады. Қысқа мерзімді әрі күрт құбылыстар валюталық нарықтағы тұрақсыздықты күшейтіп, бюджетті жоспарлауды қиындатады.
Алдағы баға динамикасы қақтығыстың қалай өрбитініне тікелей байланысты. Егер Ормуз бұғазы арқылы тасымал толығымен тоқтаса, мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асып кетуі ықтимал. Ал шиеленіс азайса, геосаяси тәуекел үшін қосылған премия төмендеп, мұнай бағасы қайтадан 70-75 доллар шамасына түсуі мүмкін.
Бүгін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты жаңа мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Иран әскери басшылығы толығымен жойылып, көптеген әскери қызметкерлер өз өмірін сақтау үшін берілуге дайын отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







