Қорғаныс министрінің орынбасары Алмаз Жұмакеев Батыс Қазақстандағы әскери гарнизондардың инфрақұрылымы мен тұрмыс жағдайын тексерді. Бұдан бөлек жаңа тамақтандыру жүйесінің қалай іске асырылып жатқанын бақылап қайтты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақтөбе облысында Алмаз Жұмакеев аймақ басшысы Асхат Шахаровпен бірге Мұғалжар ауданының Жем қаласындағы инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады. Әуе қорғанысы күштері әскери институтының жатақханаларын жөндеу жұмыстары қаралды. Қаладағы амбулатория, мектеп және балабақша ғимараттарының жергілікті биліктің қолдауымен қалпына келтірілу барысы тексерілді. Сонымен қатар, әскери госпитальдің медициналық жабдықтармен және дәрі-дәрмекпен қамтылуы да назардан тыс қалмады.
Сапар барысында генерал-майор әскери бөлімді инженерлік желілерге қосу мәселесін ерекше бақылауға алып, жұмысты жеделдету бойынша нақты тапсырмалар берді.
Ақтаудағы әскери гарнизонда басты назар «швед үстелі» жүйесімен тамақтандырудың пилоттық жобасына аударылды. Әскери бөлімде іске қосылған жаңа стандарт жауынгерлерге ас мәзірін өз қалауымен таңдауға мүмкіндік беріп, жалпы әскерді азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртудың бір бөлігі ретінде қарастырылуда.
Ақтау сапарында генерал-майор «Орал» кемесі мен «Қайсар» катеріндегі қызмет жағдайын өз көзімен көріп, әскери-теңіз базасы, теңіз жаяу әскерлері, авиация және арнайы операциялар күштері бөлімшелерінің ахуалын тексерді.
Атырау гарнизонында тексеріс аумақтық қорғаныс бригадасының нысандарын, «Қаработан» полигонын, әскери қоймаларды қамтып, материалдық-техникалық жабдықтау жайы пысықталды.
Сапар қорытындысы бойынша «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасында өткен жиында әскери инфрақұрылымды дамыту, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді күшейту және әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту басты басымдықтар ретінде бекітілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







