Семей қаласындағы №6 гимназияның жағдайымен танысқан Абай облысының әкімі Берік Уәли білім ордасының күрделі мәселелерін шешуге тиісті тапсырмалар берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
1967 жылы салынған гимназия ғимаратында 1984 жылдан бері білім беріліп келеді. Қазіргі таңда мұнда 128 ұстаз еңбек етіп, 2 мыңға жуық оқушы екі ауысымда білім алуда. Бұл өз кезегінде оқу жүктемесін арттырып, білім сапасына да әсер етуде.
Гимназияда 1993 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Ғимараттардың электр сымдары, кәріз және жылу жүйелері толық жаңартуды талап етеді. Мектеп дәліздерінің қабырғаларында жарықтар пайда болған, ағаш едендер тозған, спорт залының плиталары мен шатыр жабындары да күрделі жөндеуді қажет етеді. Сонымен қатар, мектеп аумағы қоршалмаған, ал іргелес жатқан асфальт жабыны қауіпсіздік талаптарына сай емес.
Облыс әкімі Берік Уәли гимназияны аралап, қалыптасқан жағдаймен толық танысты.
– Мектептегі мәселелермен жақсы таныспын. Білім ордасын кезең-кезеңімен жаңғыртамыз. Қазіргі жағдайда қосымша ғимарат салуға мүмкіндік шектеулі болғандықтан, ең алдымен материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмыстарын бастауымыз қажет. Әкімдік тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ өңірдегі орын тапшылығын шешу мақсатында жаңа мектептердің құрылысын қолға алатын боламыз, – деді аймақ басшысы.
Берік Уәли облыстық білім басқармасына гимназия ғимаратын толық жаңғырту бойынша тиісті ұсыныс әзірлеуді тапсырды.
Айтқапқы, Абай облысының медициналық мекемелері биылғы қыркүйекке дейін 100 жаңа санитарлық автокөлікпен толық қамтамасыз етілмекші.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

