Семей қаласында биыл жолдарды жөндеу мен абаттандыру жұмыстары ауқымды түрде жүргізілмек. Облыс әкімі Берік Уәли осы мақсатта қала көшелеріндегі жөндеу жұмыстарын тексеріп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қаладағы жалпы ұзындығы 756 шақырым болатын 1179 көшенің бүгінде жартысына жуығы ғана асфальтталған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін жеткізілді. Енді 2026 жылға дейінгі арнайы жоспар аясында көшелерді жөндеу жұмыстары жалғасын таппақ.
Аймақ басшысы Міржақып Дулатов пен Қайым Мұхамедханов көшелерінің қиылысындағы жол жөндеу жұмыстарымен танысып, мердігерлерден сапа мен мерзімді қатаң сақтауды талап етті. Сонымен қатар, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына Ұлттық сапа орталығымен бірге жолдардың сапасын жүйелі түрде бақылауда ұстауды тапсырды.

– Жол халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Биыл Семейде бұрын-соңды болмаған ауқымды жұмыстар атқарылады. 100 көшеге жаңа асфальт төселеді, 100 аула абаттандырылады және тағы 100 көше жарықтандырылады. Былтырғы жұмыстарды екі-үш есеге арттырып отырмыз. Халық игілігін көретін нақты нәтиже болуы тиіс, – деді Берік Уәли.
Облыс әкімі сондай-ақ, жол жөндеу жұмыстарына қоғамдық бақылауды күшейтуді тапсырып, бұл іске қоғамдық кеңес мүшелері мен партия өкілдерінің де белсенді араласуы керектігін атап өтті.
Семейде сауда орындарының тазалығы қатаң бақылауға алынды. Облыс әкімі Берік Уәли шаһардағы бірқатар ірі сауда нысандарын аралап, абаттандыру мен санитарлық жағдайды сынға алды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







