Президент Тоқаев мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен құқық мәселесі бойынша көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдап, Парламент реформасының барысын талқылады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ерлан Қарин Мемлекет басшысына Парламент реформасына жауапты арнайы жұмыс тобының аралық нәтижелерін жеткізді. Оның мәліметінше, e-Otinish пен Egov платформаларында ашылған арнайы бөлімге азаматтар мен сарапшылардан 500-дей ұсыныс түскен. Қазір сол ұсыныстар іріктеліп, қоғамның негізгі сұраныстарын анықтау жұмысы жүргізілуде.
Осы уақытқа дейінгі талқылау барысында депутаттар корпусының бір палаталы үлгіге өту мәселесі мен жаңа Парламенттің заңнамалық функцияларын іске асыру механизмдері қаралған.
Келесі басқосу 9 қаңтарда өтеді. Онда мамандар халықтан жиналған басқа да бастамаларды егжей-тегжейлі зерделейді. Мемлекеттік кеңесші бұдан бөлек, Ұлттық құрылтайдың желтоқсан айындығы талқылауы туралы да есеп беріп, алдағы бесінші Құрылтайға дайындық барысын жатқанын хабарлады.
Президент Тоқаев Парламент реформасының саяси жүйені жаңғыртудың ең маңызды тұсы екеніне тоқталып, қоғам ұсынған идеяларды терең сараптап, алдағы конституциялық өзгерістердің негізгі бағытын нақтылауды тапсырды.
Солай бола тұра…
Десе де, бұл Қазақстанның парламенттік басқару жүйесіне өтетінін білдірмейді.
«Бір нәрсені анық айту қажет. Қазақстан мықты президенттік билігі бар мемлекет болып қалуы тиіс. Парламенттік басқару жүйесі қауіпсіздік пен тұрақтылық тұрғысынан тиімді болмай тұрған шақта, президенттік билік еліміздің болашағын қамтамасыз етудің кепілі. Мемлекетіміздің тәуелсіздігіне қауіп төндіре алмаймыз. Кейбір сарапшылардың үстірт пікіріне көзсіз еріп кетпеу керек», – деген еді Тоқаев.
Еске сала кетейік, былтыр 8 қыркүйекте жариялаған халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы Парламентті Сенатсыз, бір палаталы етіп жасақтауды ұсынған. Осы өзгерісті әзірлейтін жұмыс тобы құрылып, оның жетекшілігіне Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин тағайындалған
Саясаттанушы Досым Сәтпаев бүгінгі ұсыныс биліктің алдағы транзит кезеңіне дайындық амалы болуы мүмкін деп топшылайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

