Джонс Хопкинс университетінің ғалымдары астероид соққысынан кейін планетаның сынықтарына ілініп қалған бактериялардың ғарышта саяхаттап, басқа ғаламшарларға, тіпті Жерге жетіп, тірі қалуы мүмкін екенін дәлелдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Зерттеу барысында ғалымдар Deinococcus radiodurans деп аталатын төзімді бактерияның Марстағы астероид соққысынан туындайтын аса жоғары қысымға төтеп беретінін көрсетті. Бұл бактериялар экстремалды жағдайларға, соның ішінде ғарыш кеңістігінің қатал ортасына жақсы бейімделген. Сондықтан зерттеушілер «Марста тіршілік бар болса, ол осыған ұқсас бактерия болуы ықтимал» деп отыр.
– Бұл жаңалық тіршілік бір планетадан екінші планетаға ауысып, сонда тірі қалуы мүмкін екенін дәлелдейтін өте маңызды қадам. Осылайша, Жердегі тіршілік те басқа ғаламшардан келуі мүмкін деген болжам шындыққа айнала бастады, – дейді зерттеудің жетекші авторы, профессор КТ Рамеш.
Зерттеушілер бактериялардың ғарышқа таралу кезіндегі соққы қысымына төзімділігін тексеру үшін арнайы тәжірибе жүргізген. Олар газды зеңбіректен секундтына 300 миль жылдамдықпен ұшқан снарядпен металл пластиналардың арасына орналасқан бактерияларды атқылаған. Бұл тәжірибе барысында бактериялар 1-ден 3 гигапаскальға дейінгі қысымға тап болды. Салыстырмалы түрде алғанда, Жердегі ең терең Мариана шұңғымасындағы қысым бұдан кем дегенде он есе төмен.
Зерттеу нәтижесінде бактериялар таңғаларлық төзімділік көрсетті. Олар 1,4 гигапаскаль қысымдағы сынақтардың бәрінен аман қалып, ал 2,4 гигапаскаль қысымда олардың 60%-ы тіршілігін сақтап қалған. Төмен қысым кезінде бактерия жасушалары мүлде зақымданбаған. Ал аса жоғары қысым кезінде бактериялардың ішкі құрылымы зақымданғанымен, олардың басым бөлігі тірі қалған.
– Біз бастапқыда бактерияларды бірден жойып жібереміз деп ойлаған едік. Бірақ олар өте төзімді болып шықты. Біз тәжірибені қайта-қайта өткізіп, қысымды арттырсақ та, олар өлген жоқ. Соңында бактериядан бұрын тәжірибеге арналған құрылғының өзі бұзылып қалды, – дейді зерттеудің тағы бір авторы Лили Чжао.
Марсқа соқтығысатын астероидтардың әсерінен пайда болатын қысым шамамен 5 гигапаскальға жетуі мүмкін. Осы тәжірибеде бактериялар 3 гигапаскальға жуық қысымға шыдағандықтан, зерттеушілер олардың ғарыш арқылы саяхаттап, басқа планеталарға аман жетуі мүмкін екенін айтады.
Түйін
Ғалымдар бұл зерттеу планеталарды қорғау және ғарыш миссияларын ұйымдастыру саясатына да үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Қазіргі таңда Марс секілді тіршілік болуы ықтимал планеталарға жіберілетін ғарыш аппараттары мұқият тазартылып, қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Себебі, Жерден барған бактериялар басқа планетаның ортасын ластамауы керек. Ал бұл зерттеу бактериялардың тек Жерден емес, Марстан да басқа планеталарға таралу мүмкіндігін дәлелдеді. Мысалы, Марстың серігі Фобосқа жететін бактериялар әлдеқайда аз қысымға тап болады. Сондықтан зерттеушілер бұл жағдай ғарыш саясатын қайта қарауды талап етуі мүмкін дейді.
– Енді біз қай планеталарға баратынымызды және ғарыш саяхатының қағидаларын әлдеқайда мұқият таңдауға тиіспіз, – дейді профессор Рамеш.
Ғалымдар келесі зерттеулерінде бактериялардың бірнеше мәрте қайталанатын соққылардан кейін одан сайын төзімді болатынын және басқа организмдердің, мысалы саңырауқұлақтардың, осындай экстремалды жағдайларда қаншалықты тіршілікке қабілетті екенін тексермек.
Астрономдар ғаламдағы ең ірі әрі жарық жұлдыздардың өмірі туралы жаңа мәліметтерге қол жеткізді. Мұндай алып жұлдыздар рок-жұлдыздар секілді жарқырап туады, қысқа әрі ғаламат өмір сүріп, ерте сөнеді екен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







