Ғылым және жоғары білім министрлігі студенттердің шәкіртақысын жыл сайын арттыру мәселесін үкіметпен талқылауда деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министр Саясат Нұрбектің айтуынша, соңғы бес жыл ішінде студенттердің ай сайын алатын төлемдері айтарлықтай өскен. Бұл кезеңдік өсім 2025 жылы аяқталған еді.
«Соңғы бес жылда шәкіртақы мөлшерін жыл сайын 20-25 пайыздан кезең-кезеңмен көтердік. Нәтижесінде, шәкіртақы көлемі екі есеге жуық артты. Қазіргі кезде министрлік Үкіметпен осы шараны әрі қарай жалғастыру туралы келіссөз жүргізуде. Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ», – деді министр.
Саясат Нұрбек шәкіртақының ең жоғары өсімі докторанттарға қатысты болғанын ерекше атап өтті. Қазір PhD докторанттарының шәкіртақысы шамамен 254 мың теңгені құрайды. Педагогикалық мамандықтарды есептемегенде, бакалавриат студенттерінің минималды шәкіртақысы 55 мың теңге деңгейінде белгіленген.
Министр сондай-ақ оқу ақысының қымбаттауына да тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік университеттерде оқудың құнын министрлік қатаң бақылауда ұстап отыр.
«Мемлекеттік университеттердегі бағаны біз реттейміз. Инфляция деңгейіне сәйкес 10 пайыздан аспайтын түзетулер ғана рұқсат етіледі. Күтпеген жерден баға күрт өспейді», – деді Саясат Нұрбек.
Министр бұл мәселе биыл университеттермен қайта талқыланатынын жеткізді.
Бұған дейін президент Тоқаев шетелдік университеттердің шынайы пайдасы туралы ауыр сауал қойған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







