Мәжіліс депутаттары Алтай қаласындағы су құбыры желісін қайта жаңғырту жұмысын тексеріп, жобаның аяқталуына кедергі келтірген негізгі мәселелерді талқылады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан ауқымды жоба қазір 95 пайызға орындалған. Жаңа желі іске қосылса, Алтай қаласындағы 9420 абонент таза ауызсумен қамтамасыз етілмек. Жоба құны 2,6 миллиард теңге. Осы қаржыға жалпы ұзындығы 110,5 шақырым су құбыры желісі тартылған. Бірақ толыққанды іске қосуға ескі су құбырларының тозығы жеткен учаскелері кедергі болып тұр.
Алтай ауданы әкімінің орынбасары Заңғар Шаухиннің айтуынша, өткен ғасырдың 60-жылдары салынған шойын құбырлардың жарамсыз бөліктерін толық ауыстыру үшін қосымша 2 миллиард теңгеге жуық қаржы қажет.
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Сайыров пен Ұлықбек Тұмашиновтың сөзінше, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуда бюджет қаражатын тиімді жоспарлау мен жұмысың сапасына қатаң бақылау аса маңызды.
«Жаңа жүйенің нәтижелі жұмыс істеуі үшін ескі желілерді толық жаңғырту міндетті шарт. Бұл мыңдаған тұрғынның тұрмысын жақсартуға бағытталған аса маңызды әлеуметтік жоба. Сондықтан біз жобаның толық аяқталуы мен сапасына қатаң партиялық бақылау орнатамыз», – деді депутат Ерлан Сайыров.
Бұдан бөлек…
Сонымен қатар кездесуде аймақтың экономикалық болашағына тікелей әсер ететін тағы бір өзекті мәселе көтерілді. Депутат Ұлықбек Тұмашиновтың айтуынша, өңірдегі ірі кен орындарының ресурсы таусылуға таяған. Әсіресе, Малеев кенішінің 2026 жылға қарай сарқылу қаупі жоғары.
Салдары Алтай қаласындағы байыту фабрикасының жабылып, шағын кәсіпкерлік пен қызмет көрсету салаларының әлсіреуіне әкелуі мүмкін.
«Шекаралас қалалардан халықтың көшіп кетуін тоқтатқымыз келсе, инфрақұрылым мәселесін экономикалық даму жоспарынан бөлек қарастыруға болмайды. Су желісі, жол, коммуналдық жүйелермен бірге, жаңа жұмыс орындарын ашып, жаңа кен орындарын іздеу жұмысы қатар жүруі керек. Риддер мен Алтай маңында геологиялық барлау жүргізіп, қолданыстағы кеніштердің өндіріс мерзімін ұзарту аса маңызды міндет», – деді депутат Ұлықбек Тұмашинов.
Жұмыс сапары аясында депутаттар жергілікті тұрғындарға өткен жылы қабылданған Салық, Бюджет, Су, Құрылыс және Цифрлық кодекс пен банк қызметі туралы заңның негізгі өзгерістері туралы айтып, жер қойнауын пайдалану, денсаулық сақтау, тұрғын үй құрылысы саласындағы жаңа нормаларға тоқталды.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаттарының өңірлердегі кездесулері 5-13 қаңтар аралығында жалғасады. Осы кезеңде AMANAT, Ауыл, Ақ жол, ЖСДП, ҚХП және Respublica партияларының депутаттары халыққа заңдардың жергілікті жердегі орындалу барысын түсіндіріп, тұрғындардың ұсыныстары мен шағымдарын тыңдайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

