Түркістан қаласында бес жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары сапасыз құрылысқа шағымданды. Айтуынша, үйдің шатыры жаңбыр жауған сайын тесіліп, подъездерде электр желілері суға толады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Әр жаңбыр жауған сайын үреймен отырамыз. Шатырдан аққан судан сылақ түсіп, пәтердің қабырғасы көгеріп жатыр. Төбеден аққан суға қарсы шелектер мен легендер қойып отыруға мәжбүрміз», – дейді КТК телеарнасына пікір білдірген тұрғын Жансая Әбдібаева.
Тұрғындар үйдің жертөлесі де жиі суға толатынын айтады. Себебі, құбыр жүйесі дұрыс тартылмаған. Бес жыл ішінде құбырлар алты рет ауыстырылғанымен, мәселе шешілмеген. Жертөледен шыққан жағымсыз иіс салдарынан әр екі ай сайын дезинфекция жасалады.
Мердігер компанияны сотқа берген тұрғындар процесті жеңіп шыққан. Сот шешімі бойынша мердігер барлық ақауды жөндеуге міндеттелгенімен, жұмыстар әлі күнге орындалмаған.
Түркістан қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Дәурен Мәуленов мердігердің сот шешімін орындауға міндетті екенін мәлімдеді. «Құрылыс кезінде кеткен қателер расталса, барлық ақауды жою жұмыстары мердігер есебінен атқарылады», – деді ол.
Дегенмен тұрғындар атқарушы органдардың уәдесіне сенбейді. Олар мәселеге басқа жоғары органдар араласпаса, тағы да бес жыл бойы шелек пен леген ұстап жүруге мәжбүр болатындарын айтып отыр.
Бұған дейін біз Түркістанда қыруар қаржыға тұрғызылған әкімдік ғимаратының құлағалы тұрғанын хабарлаған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

