Shell компаниясының бас директоры Ваэль Саван Қазақстандағы жаңа инвестицияларды уақытша тоқтататынын мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұған Қазақстан Үкіметі халықаралық мұнай компанияларына қарсы қозғаған бірқатар сот процестері себеп болып отыр.
Қазақстан билігі соңғы жылдары шетелдік инвесторлармен жиі соттасып келеді. Негізгі таластар Қашаған мен Қарашығанақ кен орындарындағы шығындарды өтеуге байланысты. Қазақстан тарапы Қашаған бойынша 13 миллиард доллар, ал Қарашығанақ бойынша 3,5 миллиард доллар өтемақы талап етіп отыр.
Осы аптада өткен телефон конференциясында Shell басшысы Ваэль Саван компанияның Қазақстандағы ахуалдың анық-қанығы белгілі болғанша жаңа жобаларға қаражат салмайтынын ашық айтты. «Қазақстанда инвестициялық мүмкіндіктер көп, бірақ қазіргі жағдай біздің алдағы жоспарымызға теріс әсер етеді. Барлығын анық түсінгенше біз күте тұрамыз», – деді Саван.
Жақында ғана Bloomberg агенттігі өз дереккөздеріне сүйене отырып, Стокгольмдегі арбитраждық сот Қарашығанақ ісі бойынша Қазақстанның пайдасына шешім шығарғанын хабарлады. Агенттіктің дерегі бойынша, сот шығындарын қосқанда, өтемақы сомасы 2-4 миллиард доллар шамасында болуы ықтимал.
Еске сала кетейік, Қарашығанақты игеретін консорциум құрамында Shell компаниясымен бірге Eni, Chevron, Лукойл және «ҚазМұнайГаз» бар. Ал Қашағанды игеріп отырған North Caspian Operating Company-да Shell-мен қатар Eni, TotalEnergies, ExxonMobil, «ҚазМұнайГаз», Жапонияның Inpex және Қытайдың ұлттық мұнай корпорациясы серіктес болып отыр.
Соңғы жылдары халықаралық мұнай компаниялары Қазақстанмен арадағы дауларды келіссөздер арқылы реттеп келген еді. Алайда бұл жолы жағдай күрделі сипат алды. Shell сияқты ірі компанияның жаңа инвестицияларды тоқтатуы Қазақстанның инвестициялық беделіне айтарлықтай нұқсан келтіруі мүмкін.
Бұған дейін Қазақстанның Энергетика министрі Қашаған консорциумына қарсы тағы бір ірі талап-арыздың дайындалып жатқанын мәлімдеген болатын. Бұл сот процесінің қаржылық көлемі әзірге жарияланбай отыр.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан билігінің бұл әрекеті мұнай-газ секторындағы инвесторларға қойылатын талаптардың қатаңдағанын аңғартады. Сондай-ақ бұл дау-дамайлар елдің инвестициялық климаты мен ұзақ мерзімді экономикалық жоспарына айтарлықтай әсер етуі мүмкін деген пікір бар. Әлемдік саясат пен экономикадағы шиеленістер жағдайында мұндай қадамдар Қазақстанның геосаяси ұстанымын әлсіретуі ықтимал. Сондықтан ел үкіметінің шетелдік компаниялармен тіл табысып, мәселені реттеу жолдарын іздеуі аса маңызды.
Таяуда Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалы маңында «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы жалға алған танкерлердің біріне дрондар шабуыл жасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

