Депутат Мұрат Әбенов шетелдегі әскери қақтығыстарға қатысқан қазақстандықтарға жазаны жеңілдетуге түбегейлі қарсы шықты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әбеновтің пікірінше, жалдамалы сарбаздар Қазақстанның ішкі тұрақтылығына қауіп төндіреді.
«Жалдамалы сарбаз шын мәнінде кәсіби қанішер. Ол ел алдындағы борышын өтеп жатқан жоқ. Керісінше, шетел асып, Қазақстанға қас ниетті террористік топтар мен болашақ қарсыластарымыздың қатарында болуы мүмкін», – деді депутат.
Әбенов соғысқа қатысқан азаматтардың көбі елге психикалық ауытқулармен оралатынын атап өтті. Бұған қоса, бұрынғы жалдамалылар радикализм мен экстремистік идеяларды таратып, елдегі саяси тұрақсыздыққа жол ашуы ықтимал.
Сондай-ақ, депутат жазаны жеңілдету Қазақстанның халықаралық беделіне кері әсер етіп, өзге елдермен қарым-қатынасты ушықтыруы мүмкін екенін айтты.
«Мұндай қадам Қазақстан жастарына жалдамалылық пен кісі өлтіруді ақшамен ақтауға болатындай теріс үлгі береді. Шетелде әскери қақтығыстарға қатысып, елге оралғандарды кешіру – оларды қолдағанымыздың белгісі», – деп түйіндеді Әбенов.
Контекст
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы шетелде соғысқан, бірақ елге өз еркімен оралған және ауыр қылмыс жасамаған азаматтарға шартты жаза немесе бас бостандығын шектеу сияқты жеңілдетілген шара қолдануды ұсынған еді. Ішкі істер министрлігі бұл ұсыныста «ұтымды тұстар бар» деген баға берген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







