Шымкентте шетелдіктерді заңсыз кіргізіп, оларға жалған құжаттар әзірлеумен айналысқан тұрақты қылмыстық топ ұсталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қылмыстық топ шетел азаматтарының Қазақстан аумағына заңсыз келуіне және осында тұрақтап қалуына көмектесіп, ақысын алып отырған. Заңсыз іс-әрекетке жалған құжаттар мен еңбек келісімшарттарын дайындау да кірген.
Арнайы операция барысында полиция қызметкерлері 28 тінту жүргізіп, ондаған шетелдік паспорт, компьютерлік техника, байланыс құралдарын, бланкілер мен жалған құжаттарды тәркілеген.
Сонымен қатар, қомақты қаражат пен тіркелмеген қару да анықталды.
Қылмыстық топтың жетекшісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Заңсыз әрекетке қатысы бар тағы 13 адам полиция бөліміне жеткізілген. Ұсталғандарға қатысты «заңсыз көші-қонды ұйымдастыру» бабы бойынша тергеу басталды.
Еске салсақ, бұған дейін қаңтар айында да Қазақстанның бірнеше аймағында заңсыз миграция және мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтумен айналысқан қылмыстық топтардың жолы кесілген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







