Щучинск қаласындағы «Палау орталығында» газ жарылысынан қаза тапқандардың саны 11 адамға жетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек хабарлады.
Оның айтуынша, дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, тағы екі адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
– 8 наурыз күні жарылыстан зардап шеккен бір азамат Авиценна-Бурабай ауруханасының жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Ал 9 наурызда Көкшетаудағы көпбейінді облыстық ауруханада ем қабылдаған тағы бір пациент көз жұмды. Екі науқастың да жағдайы өте ауыр еді, – деді басқарма басшысы.
Қазіргі таңда Ақмола облысының дәрігерлері басқа зардап шеккен азаматтардың өмірі үшін күресіп жатыр. Пациенттерге барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 26 ақпаннан 27 ақпанға қараған түні болған еді. Газ-ауа қоспасының жарылуынан оқиға орнында бес адам қаза тауып, ауруханаға жеткізілген екі адам кейін қайтыс болды. Бірнеше күннен кейін тағы екі зардап шегушінің көз жұмғаны хабарланған болатын.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, қайтыс болғандардың жалпы саны 11 адамға жетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







