Назарбаевтың үлкен немересі Нұрәли Әлиев 41 жасқа толған туған күнін Дубайда дүркіретіп өткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әлеуметтік желіде тараған кадрлардан байқалғандай, туған күні кеші Дубай маңындағы бес жұлдызды «Terra Solis Dubai» қонақ үйінде, шөл даладағы глэмпинг форматында өткен.
Ашық аспан астында, пальмалар ортасында, шығыстық сән-салтанат аясында өткен мерекеде дизайнерлік торт та ұсынылды. Оның бетіне «Spark of life» («Өмір ұшқыны») деген ерекше жазу жазылған. Әлеуметтік желідегі кадрларда Нұралы Әлиевтің 13 жастағы қызы Амира және ұлы Аланмен бірге торт бетіндегі шамдарды үрлеп жатқан сәті түсірілген.
Глэмпинг пен гламур
Кешті ұйымдастырған әлемдегі ірі сәнді шаралар мен шоу-бағдарламаларға қатысатын әйгілі продюсер Николас Броше. Ол әлеуметтік желіде мерейтойдан алған әсерін: «мереке мен үйлесімге толы күндер үшін алғысым шексіз, осындай ортада болу нағыз бақыт» деп жеткізген.
Қонақтардың алдында Қазақстанның танымал этно-фольклорлық ансамблі «Тұран» өнер көрсетіп, шетелдік қонақтарды ұлттық нақыштағы әуендермен таныстырды. Сондай-ақ, мерекелік кеште қазақтың ұлттық ерекшелігін паш ететін киіз үй тігіліп, шығыстың заманауи сән-салтанатымен үйлескен ерекше атмосфера жасалған.
Нұрәли Әлиев Назарбаевтың үлкен қызы Дариға мен марқұм Рахат Әлиевтің ұлы. Рахат Әлиев кезінде Қазақстанның ең ықпалды тұлғаларының бірі болған, алайда кейіннен билікпен араздасып, Венадағы түрмеде жұмбақ жағдайда көз жұмған. Нұрәли Әлиев бүгінде Forbes журналының рейтингіне енген Қазақстанның ең бай кәсіпкерлерінің қатарында тұр.
Оның меншігінде Дубайдағы Donatello Hotels and Resorts, Алматыдағы Donatello Boutique Hotel қонақ үйлері мен Қазақстанның ірі қалаларындағы бірнеше танымал мейрамхана бар. Сондай-ақ, ол 2025 жылдың ақпан айында «Транстелеком» АҚ-дағы өз үлесін сататынын ресми түрде мәлімдеген болатын.
Той өткен «Terra Solis Dubai» кешені Дубайдан жарты сағаттық жерде орналасқан. Қонақ үйдегі бір түндік демалыстың бағасы 100 мыңнан 270 мың теңгеге дейін жетеді. Ерекше дизайнмен жасалған бұл кешен шөл далада орналасқан оазис ретінде танымал. Мұнда ашық аспан астындағы бассейн, концерт алаңы және Жерорта теңізі стилінде безендірілген мейрамхана бар.
Мерекелік шараға қатысқан белгілі тұлғалардың қатарында Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы төрағасы Берік Имашевтың отбасы мүшесі Адина Имашева да байқалған.
Туған күні кеші қоғам назарын аударғаны сөзсіз. Әлеуметтік желілерде тойдың сән-салтанаты қызу талқыланып жатыр. Кейбір сарапшылар мен желі қолданушылары мұндай ауқымды тойдың өткізілуін элитаның ерекше өмір салты ретінде сипаттаса, енді бірі әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрғысынан сын көзімен қарауда. Қалай болғанда да, Назарбаевтар әулетінің әрбір әрекеті ел ішінде үлкен резонанс тудыратыны анық.
Нұрәли Әлиев осыған дейін британдық әнші Эд Ширанның концертінде төбе көрсетіп, көпшіліктің назарына іліккен боалтын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

