Талдықорғанда «шекарадағы шерудің» шуы басылар емес. Қытай туын өртеген қандастар сот алдында деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Өткен жылдың қарашасында Шонжы маңындағы Қазақстан-Қытай шекарасында көрші елдің туы мен төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртегендерге қатысты сот процесі басталды.
Orda-ның дерегінше айыпталушылар қатарында қандастарымыз бен Қазақстан азаматтары бар. Оларға Қылмыстық кодекстің 174-бабы 2-бөлігі бойынша «ұлтаралық мәселені топ болып ушықтырды» деген ауыр айып тағылған. Әлгі бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Әуелде әкімшілік іс ретінде қозғалған оқиға кейіннен қоғамдық резонанс пен шиеленіс қаупіне байланысты қылмыстық іске ұласып кетті. Қазіргі таңда айыпталушылардың бір бөлігі абақтыда отырса, өзгелері үйқамақта.
Соттағы басты талас наразылықтың сипатына қатысты.
Тергеу тарапы әлгі әрекетті ашық арандату, ел ішіне іріткі салатын қауіпті қадам деп бағаласа, қорғаушылар наразылық білдірудің бір түрі деп, өз уәждерін алға тартуда.
Өкінішке қарай, істің анық-қанығын білу мүмкіндігі шектеліп отыр. Сот процесі айыпталушылардың бірінің өтініші бойынша жабық режимде өуде. Өтініш иесі Қытайдағы туыстарының қауіпсіздігіне алаңдайтынын жеткізген. Қазақстан заңнамасына сәйкес, сот процесінің қатысушылары мен олардың ағайын-туысына қауіп төнген жағдайда осындай шешім қабылдануы мүмкін.
Келесі отырыс 29 қаңтарға жоспарланған. Онда айыпталушылар сұралып, іске негіз болған материалдар зерттелмек.
Айыпталушылардың толық тізімі келесідей:
- Бекзат Мақсұтқан
- Бақытнұр Нұрмұхан
- Батылбек Байғазы
- Беделхан Кабіләшім
- Марғұлан Нұрданғазы
- Бейсенәлі Ақжігіт
- Нұргілді Нұрсапа
- Еркінбек Нұрақын
- Ерғали Нұрлыбаев
- Ербол Нұрлыбаев
- Тұрсынбек Қаби
- Қанат Тұрдыбай
- Қуандық Қожанов
- Нәзигүл Мақсұтхан
- Гүлнәр Шаймұрат
- Гүлдәрия Шеріәзат
- Бақиятжан Шұғыл
- Асылхан Қолхаев.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

