Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда заң мен тәртіпке құрмет қалыптастыру қажеттігін тағы да еске салды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президент «Таза Қазақстан» тұжырымдамасына арнайы тоқталып, қалалар мен ауылдарды көркейту, аумақтарды көгалдандыру және экологиялық мәдениетті арттыру жұмысы тұрақты назарда болуы керек екенін айтты. Оның сөзінше, әсіресе туристік нысандар мен табиғат аясындағы азаматтардың тәртібі айрықша бақылауды қажет етеді.
Мемлекет басшысы қоғамдық орындарда тәртіп бұзатын, табиғат пен ортақ мүлікке зиян келтіретін вандалдарды заң аясында жауапқа тарту қажет екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, құқықтық нигилизмге тек мемлекеттік органдар ғана емес, бүкіл қоғам болып қарсы тұруы керек.
Тоқаев заң мен тәртіпке құрметпен қарау жазадан қорқумен өлшенбейтінін айтты. Оның сөзінше, бұл – жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән айрықша қасиет. Сондықтан қоғамдық тәртіпке бағыну әр адамның ішкі мәдениетінің, азаматтық ұстанымының және елге деген құрметінің көрінісі болуы тиіс.
Президент қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстан үшін татулық пен тұрақтылықтың маңызы ерекше екенін жеткізді. Оның айтуынша, ел ішінде тұрақтылық болмаса, ешқандай реформа да, оң өзгеріс те нәтиже бермейді. Осы себепті құқық қорғау органдары заң бұзушылықтарға қатаң әрі нақты шара қолдануы қажет.
Мемлекет басшысы кейбір адамдардың құқықтық тәртіпті күшейтуге бағытталған әрекеттерді «Штрафстан», «Айыппұлстан» деп келеке ететінін де айтты. Алайда Президенттің пікірінше, халыққа ең алдымен қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік керек.
Тоқаев Қазақстан «Заң мен тәртіп» саясатынан таймайтынын мәлімдеді. Себебі бұл бағыт халықтың талабы мен сұранысына негізделген. Президент бүкіл қоғам, мемлекеттік органдар және әкімдер осы мәселеге ерекше назар аударуы тиіс екенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







