Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында құсбегіліктен облыстық II чемпионат өтіп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
6-8 ақпан күндері аралығына жоспарланған айтулы шараға өңірдің әр түкпірінен келген 30-ға жуық құсбегі қатысып, өзара бақ сынауда.
Бұл жарыс қазақ халқының байырғы дәстүрін қайта жаңғыртып, ұлттық спорт түрлерін дәріптеуді мақсат етеді. Қатысушылар бүркіт пен қаршығаның екі жеке санатында сынға түседі. Құсбегілердің құсты баптау шеберлігі, құспен тіл табысуы және аңға салудағы үйлесімділігі басты назарға алынуда.
Сайыс көрермендерге ерекше әсер қалдыруда. Жарыс алаңында бүркіт пен қаршығаның еркін самғағанын тамашалау арқылы, адам мен табиғат арасындағы ежелден келе жатқан тығыз байланысты анық сезінуге болады.
Құсбегілік халқымыздың мәдени мұрасының айшықты бөлігі. Осындай шаралар ұлттық құндылықтарымызды сақтап, жастардың ата салтымызға қызығушылығын арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Ұлттық спорт түрлерінің өрісін кеңейтіп, олардың бұқаралық сипат алуына серпін береді.
Шығыс Қазақстанның табиғаты көрген жанның көңілін баурайды. Алтайдың биік таулары мен Катонқарағайдың орман-тоғайлары, Марқакөлдің мөлдір сулары әлемде сирек кездесетін бірегей табиғи мұра. Мұндай артықшылықтар өңірдің туризм саласын қарқынды дамытуға зор мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

