Шығыс Қазақстанда халық санын көбейту, еңбек ресурстарын теңгеру және шекара маңындағы аудандарды нығайту бағытында «Шығыс шақырады» өңірлік бағдарламасы жүйелі түрде іске асып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңір қандастар мен ішкі көші-қон аясындағы қоныс аударушыларды қабылдайтын негізгі бағыттардың бірі саналады. 2017-2025 жылдар аралығында облысқа 2209 отбасы көшіп келіп, жалпы саны 6290 адам жаңа мекенге орныққан. Солардың ішінде 1784 адам Қытаймен шектес аудандарға қоныстандырылған. Шекаралық аймақтарды адам ресурстарымен толықтыру – демографиялық әрі стратегиялық міндет ретінде қарастырылып отыр.
2025 жылдың қорытындысында өңірге 794 адам келген. Оның 269-ы қандас, 525-і еңбек күші артық аймақтардан көшірілген азаматтар. Еңбекке қабілетті тұрғындардың 58 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған. Көші-қонды ынталандыру үшін өткен жылы 496 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау берілген. Қаражат көшу шығындарын өтеуге, тұрғын үй жалдауына және экономикалық ұтқырлық сертификаттарын ұсынуға бағытталған.
Жаңа бастамалар да назардан тыс қалған жоқ. Ауылдық жерге көшіп келгендердің кәсіп бастауына жағдай жасау үшін гранттық қаржыландыру енгізілмек. Биыл жалпы сомасы 65 млн теңгеге 20 грант бөлу жоспарланған. Қаражат жол бойындағы сервис, туризм, қонақүй бизнесі мен өндірістік жобаларды дамытуға бағытталады.
Контекст
Кадр тапшылығын азайту үшін «Шығыс маманы» пилоттық жобасы іске қосылған. Бағдарлама аясында 5 пайыздық жеңілдетілген ипотека қарастырылып, бастапқы жарна ретінде 7 млн теңгеге дейін сертификат беріледі. Сонымен қатар «Құтты өңір» жобасы арқылы ауылдардағы бос тұрған үйлер жөнделіп, қоныс аударушыларға ұсынылуда. Жоба жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Марқакөл ауданында бірнеше тұрғын үй қалпына келтіріліп, жаңа отбасыларға берілген.
Ауылдық жерлерде маман тапшылығын жүйелі шешу үшін жастарға білім гранттары бөлінуде. Бағдарлама шарты бойынша түлектер оқуын аяқтағаннан кейін ауылда кемінде бес жыл еңбек етуі тиіс. 2026 жылға жоспар бойынша өңірге 800 адамды көшіру көзделген. Оның ішінде 200 қандас және 600 қоныс аударушы бар.
Қоныс аударушыларды бейімдеу процесі де цифрлық форматқа көшіп келеді. FSMSocial мобильді қосымшасы арқылы қажетті қызметтер көрсетіліп, әлеуметтік бейімделу барысы бақылауға алынады. Жалпы алғанда, «Шығыс шақырады» бағдарламасы демографиялық өсімді қамтамасыз етуге, еңбек нарығын жандандыруға және шекара маңындағы аумақтардың тұрақтылығын күшейтуге бағытталған жүйелі құрал ретінде қарастырылып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







