Шымкентте өткен Digital Qazaqstan 2026 форумы Қазақстанның цифрлық даму бағыты енді жай талқылау деңгейінде емес, нақты іске көше бастағанын көрсетті. 27 наурыз күні өз жұмысын аяқтаған бұл алаң технология, жасанды интеллект және жаңа экономиканың болашағын талқылайтын ірі орталыққа айналды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Биыл форум Industry 5.0 тақырыбы аясында өтті. Шараға мемлекеттік органдар өкілдері, халықаралық корпорациялар, бизнес қауымдастық, инвесторлар, сарапшылар, стартаптар мен технологиялық компаниялар жиналды. Форумға жалпы саны 6000 адам қатысып, көрме алаңында 40 IT-компания мен 36 стартап өз жобаларын таныстырды. Олардың қатарында qTwin, Qutty Band, Biometric.Vision, MedicusUnion Kazakhstan, AG TECH, BEST Vision Technologies, Warden XAlaqan, секілді жобалар болды. Бұл тізімнің өзі Қазақстанда AI мен IT бағытында нақты қозғалыс бар екенін аңғартты.
Форумның ең маңызды сәттерінің бірі – Премьер-министр Олжас Бектеновтің сөзі болды. Ол Қазақстанның жаңа экономикалық модельге өтіп жатқанын атап өтті. Үкімет басшысының айтуынша, бұл модельде жасанды интеллект жай қосымша құрал емес, экономикалық өсімнің, тиімділіктің және технологиялық тәуелсіздіктің негізгі қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Оның сөзінен бір нәрсе анық байқалды: мемлекет енді цифрлық бағытты сән үшін емес, ұлттық бәсекеге қабілеттілік мәселесі ретінде қарастырып отыр.
Премьер-министр елде AI экожүйесін қалыптастыру жұмысы жүйелі жүргізіліп жатқанын да айтты. Бұл тек заң қабылдаумен шектелмейді. Әңгіме инфрақұрылым, институционалдық даму және адами капиталды қатар күшейту туралы болып отыр. Президент жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің жұмыс істеуі, арнайы заңнамалық негіздің қалыптасуы, Alem.Cloud және AL Farabium секілді суперкомпьютерлік кластерлердің іске қосылуы – осының бәрі сол жүйелі жұмыстың бөлігі. Бұл кластерлердің әлемдік TOP-500 рейтингіне енуі Қазақстанның аймақтағы цифрлық амбициясы жай ұран емес екенін көрсетті.
Білім беру мәселесі де форумның өзегінде тұрды. Елде мектеп деңгейіндегі TUMO орталықтарынан бастап технологиялық кәсіпкерлерді дайындауға дейінгі толық тізбек қалыптасып келе жатқаны айтылды. Бұл – болашақ кадр мәселесіне бүгіннен қарау деген сөз. Премьер-министр халықаралық компанияларды Қазақстанда зерттеу орталықтарын ашуға шақыруы да тегін емес. Өйткені технологиялық тәуелсіздік сырттан дайын шешім сатып алумен емес, өз ішінде орта қалыптастырумен келеді.
Форумға Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Үкімет басшылары мен халықаралық серіктестердің қатысуы да шараның салмағын арттырды. Бұл Қазақстанның Орталық Еуразиядағы цифрлық хаб ретіндегі орнын күшейтіп келе жатқанын байқатты. Іскерлік бағдарлама аясында 150-ден астам спикер сөз сөйлеп, 54 сессия ұйымдастырылды. Пікірталастарда жасанды интеллект, индустриялық AI, стартап-экожүйе, кадр даярлау, цифрлық экономика және жаңа технологиялық үрдістер кеңінен талқыланды.
Спикерлер арасында Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин, Alageum Electric компаниялар тобының бас директоры Еркебұлан Ілиясов, MA7 Ventures негізін қалаушы Мұрат Әбдірахманов, Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекенов, Booking.com әзірлеушісі Нәрікби Мақсұт, Google әзірлеушісі Аман Өтемұратов және Meta әзірлеушісі Бақытжан Байжігітов болды. Мұның өзі форумның тек мемлекеттік не жергілікті шара емес, халықаралық технологиялық ортаға жақындай түскен алаң екенін көрсетті.
Форумның инвестициялық мазмұны да айрықша болды. Оған 20-дан астам инвестор қатысып, технологиялық жобаларды қаржыландыру мен кеңейтуге қызығушылық танытты. Қорытындысында мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған 11 меморандум мен келісімге қол қойылды. Бұл құжаттар жаңа жобаларды іске қосуға, өңірлерге инвестиция тартуға және цифрлық экономиканы кеңейтуге негіз болмақ.
Жасанды интеллект – жаңа экономика
Форум аясындағы ең ірі бастамалардың бірі – көплокациялы Decentrathon 5.0 хакатонының іске қосылуы болды. Бұл жоба Қазақстанның 20 қаласынан 3000-нан астам әзірлеушіні біріктірді. Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев осы бастаманың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Digital Qazaqstan 2026 – идея талқылайтын кезеңнен нақты технологияны жаппай енгізу кезеңіне өткеніміздің көрінісі. Ал Decentrathon 5.0 – елдің интеллектуалдық әлеуетін шоғырландырудың нақты мысалы.

Форум технологиялық кәсіпкерлікке де ерекше серпін берді. Digital Qazaqstan Battle ұлттық стартап-батлының финалында ел өңірлерінен іріктелген 20 үздік жоба инвесторлар мен сарапшылар алдында өз шешімдерін таныстырды. Жүлде қоры 19 миллион теңге болды. Нәтижесінде Gro.now стартапы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Cortex AI, үшінші орынды AR Sana иеленді. Ал көрермен көзайымы Qalam AI жобасына бұйырды. Бұл финал өңірлік командалардың деңгейі өскенін және олардың ішкі нарықпен шектелмей, халықаралық кеңістікке шығуға дайын екенін көрсетті.
Digital Qazaqstan Awards сыйлығы да форумның мазмұнын тереңдете түсті. Мұнда AI мен цифрлық технология саласындағы үздік жобалар марапатталды. Alaqan – Best AI Government Services, Aspans – Best Industrial AI Project, Ikigai Promotion – Regional AI Transformation, Codo – AI for Social Impact, ал Protector AI – Best AI Startup атанды. Бұл марапаттар жасанды интеллекттің нақты экономикаға, мемлекеттік басқаруға және әлеуметтік салаға әсері бар екенін көрсетті.
Форумның тағы бір маңызды қыры – бағдарламалау экожүйесін дамытуға ықпалы. Орталық Азиядағы үздік кодерлер жиналған Central Asia Programming Championship 2026 жарысы өтті. Жүлде қоры 3 миллион теңге болды. Бірінші орынды Тәжікстаннан келген Фарход Хакимйон иеленсе, екінші орынды қазақстандық Айбар Қуанышбай, үшінші орынды Альтаир Ашуров алды. Бұл жарыс өңірлік цифрлық бәсекенің жаңа деңгейге көтерілгенін аңғартты.
STEM-білім беру бағыты да форумнан шет қалған жоқ. USTEM Foundation ұйымымен бірлесіп өткен Digital Qazaqstan FIRST Championship аясында қатысушылар робототехникалық жобаларды құрастырып, бағдарламалап, өз шешімдерін сынады. Жеңімпаздар қатарында KAP және TGJ командалары аталды, ал финалистер North Star мен Panheya болды. Бұл мектеп жасындағы техникалық орта қалыптасып келе жатқанын көрсетті.
Іскерлік сессиялардан бөлек, форумда дрон-футбол жарыстары, робототехника чемпионаттары және түрлі интерактивті көрсетілімдер ұйымдастырылды. Бұл қонақтарға технологияны жай тыңдап емес, көзбен көріп, қолмен ұстап сезінуге мүмкіндік берді. Осындай формат форумды ресми мінберден шығарып, тірі технологиялық кеңістікке айналдырды.
Контекст
Digital Qazaqstan 2026-ның басты түйіні анық: Қазақстан енді цифрлық күн тәртібін сырттан күтіп отырмайды, оны өзі қалыптастыра бастады. Жасанды интеллект пен цифрлық технология енді экономикаға да, мемлекеттік басқаруға да, өңірлік дамуға да тікелей әсер ететін негізгі тетікке айналып келеді. Форум осы бетбұрысты анық көрсетті.
Айта кетерлігі, форум серіктестер мен демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылды. Барлық шығын демеушілер есебінен жабылған. Бас серіктес – Freedom Bank. Платиналық серіктес – Alageum Electric. Алтын серіктес – «Қазақтелеком». Инновациялық серіктестер қатарында WSE мен Damumed бар. Серіктес – Visa. Форумды Қазақстан Республикасының Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі және Astana Hub халықаралық инновациялық кластері ұйымдастырды.
Қысқасы, Шымкенттегі бұл форум бір күндік технология көрмесімен аяқталған жоқ. Ол Қазақстанның болашақ экономикасы қандай тілде сөйлейтінін, қандай күшке сүйенетінін және қай бағытқа бет алғанын көрсетіп берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







