Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ» сарайында жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға арналған «Заңды күлкі» республикалық Жайдарман ойыны өтті. Қаржылық мониторинг агенттігінің қалалық департаменті ұйымдастырған шарада еліміз бен көршілес мемлекеттерден келген командалар қоғамдағы өзекті мәселелер мен қаржылық қауіпсіздік тақырыбын ұтымды әзіл арқылы жеткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Заң мен тәртіп» қағидаты сахна төрінде
Көңілді тапқырлар сайысы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын, адалдық пен азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталды. Сахнаға шыққан әзілкештер заң талаптарын сақтау, қаржылық алаяқтықтан сақтану және қоғам дертіне айналған өзге де мәселелерді өткір сатирамен өрнектеді.
Жастарға күрделі заңнамалық ұғымдар мен қаржылық тәртіпті жалаң ұрандармен емес, осындай креативті әрі түсінікті форматта түсіндіру шараның басты ерекшелігіне айналды.
Бас жүлде – өзбекстандық командада
Тартысты өткен сайыста қазылар алқасының шешімімен ең үздік өнер көрсеткен ұжымдар анықталды:
І орын — Өзбекстаннан арнайы келген «Шум болалар» командасына бұйырды. Жеңімпаздар 1 000 000 теңге көлеміндегі бас жүлдені қанжығасына байлады;
ІІ орын — Астана қаласының намысын қорғаған «Ақпен бірге» тобына беріліп, Cornelli брендінің 500 000 теңгелік арнайы сертификаты табысталды;
ІІІ орын — Талдықорғаннан келген «Шапалақ» құрамасына бұйырып, олар да Cornelli брендінің 500 000 теңгелік сертификатына ие болды.

Жастар шығармашылығын қолдау
Көрермендер үшін кіру тегін болған бұл ойын жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға үлкен серпін берді. Құқық қорғау органдары мен креативті жастардың осындай бірлескен бастамалары қоғамда заңға құрмет сезімін орнықтырып, адал еңбек құндылығын дәріптеуге айтарлықтай үлес қоспақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







