ҰҚК Шымкенттегі Әл-Фараби ауданы полиция басқармасының басшысы Батыр Мырзакелдиевке қатысты тергеу жүргізіп жатқанын растады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін әлемжеліде Мырзакелдиевтің 20 млн теңге пара алып жатқан сәтте ұсталғаны туралы ақпарат тараған. ҰҚК оқиғаны растағанымен, тергеу құпиясына сілтеп, толық мәлімет бермеді.
Күдіктінің қорғаушысы Талғат Есімовтің айтуынша, Мырзакелдиев өзіне тағылған айыпты толығымен жоққа шығарып отыр.
«Мұның артында басқа адамдар ұйымдастырған арандату әрекеті тұр деген ойдамыз. Олар осындай жолмен өздеріне қатысты Шымкенттің басқа аудандық полиция басқармасында қаралып жатқан істен жалтармақ болған болуы мүмкін. Қорғауымдағы азамат ешқандай пара алмаған, алдағы тергеуде бүкіл мән-жай анықталады», – деді ол.

Адвокат сонымен бірге «алаяқтықтың тың тәсілі» пайда болғанын атап өтті.
«Белгілі бір топ полиция басшысының сеніміне кіріп, одан ақша алған соң, қайта қайтармас үшін қылмыстық істі қолдан ұйымдастырады. Ақпарат әлеуметтік желіге лезде тарап, кешегі басшы бүгін қоғам алдында жемқор болып шыға келеді. Мұның бүге-шігесін алда тарқатып береміз», – деп қорытты Есімов.
Ertenmedia Шымкенттегі полиция драмасын оқиға басталғалы бері бақылап отыр. Айтқандай, бұған дейін Шымкент әкімі бұрынғы орынбасары Берденов туралы мифті сейілткен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

