Биіктік символикасы: Марафоншы «Нұрсұлтан шыңын» «Қаңтар шыңы» деп өзгертуді ұсынды
Белгілі марафоншы әрі қаламгер Еренғайып Қуатайұлы бүгінде атауы толық айқындалмаған Нұрсұлтан шыңын Қаңтар шыңы деп атауды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жексенбі күні автор Талғар асуынан жолға шығып, төрт сағатқа жетпей шың басына көтерілген. Бұрын тауға әуес кезеңде бір күн бұрын етегіне жетіп, түнеп, келесі күні ғана шыңға шығу қалыпты тәжірибе болған. Қазір бағыт пен дайындық өзгергенімен, шыңның өзі бұрынғыдай алыстан менмұндалап көрінеді. Теңіз деңгейінен 4376 метр биіктікте тұрған шың Алматының кез келген нүктесінен көзге шалынады.
Альпинизмнен саясатқа
– Атаулар тарихына көз жүгіртсек, 1935 жылға дейін шың Кіші Алматы шыңы аталған. 1935 жылдан 1997 жылға дейін Комсомол атауы қолданылды. Кейін Нұрсұлтан шыңы деген атау орнықты. 2023 жылы Алматы шыңы деген нұсқа пайда болды. Бірақ Қазақстан географиялық атауларының ресми тізіліміне енгізілген жоқ. Сондықтан бұл атау көбіне Қазақстан альпинизм федерациясы аясында ғана қолданылып жүргені байқалады, – дейді марафоншы.
Салыстырмалы түрде алғанда, Алматы шыңы Үлкен Алматы көлінің маңындағы Үлкен Алматы шыңынан 696 метрге биік. Қазақ дүниетанымында таулар мен шыңдарға атау бергенде олардың биіктігінен гөрі маңайындағы өзен-су, аңғар, табиғи ерекшелік негізге алынатыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Үлкен Алматы шыңы атауы Үлкен Алматы өзенінің бастауымен, Үлкен Алматы көлімен логикалық тұрғыда байланыстырылады.

Шың басында тұрып туған ой да осы тарихи және мәдени қисыннан өрбиді. Автордың пікірінше, әлі де ресми деңгейде Нұрсұлтан атауы сақталып отырған шыңға Қаңтар шыңы деген атау беру орынды. Мұндай қадам Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтарға деген қоғамдық құрметтің бір белгісі болар еді.
– Бастаманы заң шығару алаңындағы депутаттардың көтеруі маңызды. Алматыдан сайланған белсенді депутаттар Ермұрат Бапи мен Бақытжан Базарбек осы мәселені Мәжіліс мінберінен көтерсе, қоғамдық талқылау жаңа деңгейге шығатына сенімдімін, – дейді Еренғайып Қуатайұлы.
Шың атауы жай ғана географиялық белгіден бөлек, тарихи жадының бір бөлігі. Сондықтан мұндай ұсыныстар кең талқылауды, салмақты пайым мен ортақ келісімді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қаңтар шыңы туралы бастама қоғамның өз өткеніне қалай қарайтынын көрсететін маңызды символдық қадам ретінде бағалануы мүмкін.
Назарбаевтың Кремль дастарханынан дәм татуы кездейсоқ емес, оның артында үлкен саяси астар жатыр. Белгілі саясаттанушы Аркадий Дубнов дәл осындай пікір білдірді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

