Білікті баспагер Шыңғыс Мұқан ҚызПУ-да орын алған жағдайға қатысты пікір білдіріп, мемлекетпен серіктестік тәжірибесінің көңілден шықпағанын алға тартты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, бір жыл бұрын ҚызПУ-дың сол кездегі ректоры Гүлмира Қанайның бастамасымен университеттің жаңа корпусында UniSpace алаңы ұйымдастырылған.
«Қыздарға кітап оқытайық» деген ұсыныс негізінде жүзеге асқан жобаға министр Саясат Нұрбек бастаған ел зиялылары қатысып, баспагерлік команда өз қаражатынан 10 миллион теңге көлемінде инвестиция салып, Coffee Book форматындағы кітап кеңістігін ашқан.
Алайда кейін университет басшылығы ауысып, жаңа ректор Бейбіткүл Кәрімова тарапынан келісімшартты ұзартпау туралы шешім қабылданған. Баспагердің сөзінше, университет әкімшілігі орын босатуды талап етіп отыр. Осы жағдайдан кейін ол мемлекетпен әріптестік орнатудың тәуекелі зор екеніне көз жеткізген.
Шыңғыс Мұқан бұл оқиғаны жеке жоба тағдырымен ғана байланыстырмайды. Оның пайымдауынша, мемлекет басқару тұрғысынан да, серіктестік қатынаста да тұрақты әрі болжамды модель ұсына алмай отыр.
Айта кетейік, Шыңғыс Мұқан қазақ тіліндегі кітап нарығының дамуына елеулі үлес қосып жүрген баспагер ретінде белгілі. Оның командасы жыл сайын жүзге жуық әлемдік бестселлерді қазақ тіліне аударып, оқырманға ұсынып келеді. Бұл бастамалар отандық кітап индустриясында жүйелі жұмыс пен ұзақмерзімді көзқарастың бар екенін көрсетеді.
ҚызПУ-дағы жағдай шығармашылық бастамалар мен мемлекеттік мекемелер арасындағы серіктестіктің қалай құрылуы керек деген сауалды қайта күн тәртібіне шығарып отырғаны анық.
«Кітап оқитын ұлт» жобасына 189 мыңнан астам адам қатысуға тіркелді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

