Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстың жалғасуына және бірқатар елдердің әуе кеңістігінің жабылуына байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарына арнайы үндеу жасады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Министрлік өңірдегі әскери шиеленістер толық тоқтап, жағдай толық тұрақтанғанға дейін араб елдеріне бармауды ескертті. Құзырлы орын Бахрейн, Мысыр, Израиль, Йемен, Иордания, Ирак, Иран, Қатар, Сауд Арабиясы, Кувейт, Ливан, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман және Сирия мемлекеттеріне барудан бас тартуды қатаң түрде ұсынады.
Сонымен қатар қазіргі уақытта осы елдерде жүрген Қазақстан азаматтарына жеке қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттілігі ескертілді.
Қауіпті аудандарға бармауға, жергілікті биліктің барлық нұсқауларын мұқият орындауға шақырды. Зымыран қаупі туындаған жағдайда тез арада арнайы баспана немесе қорғану орындарына жасырынған жөн.
Министрлік Қазақстан азаматтарына Қазақстанның шетелдегі елшіліктерімен, туроператорлармен және әуе тасымалдаушыларымен тұрақты байланыста болуды қатаң ескертті.
Қазақстанның Көлік министрлігі мен отандық әуе компаниялары Таяу Шығыста қалған азаматтарды елге жеткізу жұмыстарын белсенді түрде жалғастырып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






