Қазақстанда зейнетақы жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен арнайы жұмыс тобының отырысы өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының және бейінді ұйымдардың өкілдері қатысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Министрлік мәліметінше, жұмыс тобының қарауына зейнетақы жүйесінің сингапурлық моделі ұсынылған. Бұл тәсіл міндетті зейнетақы капиталын қалыптастыруды көздейді. Сонымен қатар азаматтарға зейнет жасына шыққанға дейін қаражаттың бір бөлігін тұрғын үй алуға, білім ақысын төлеуге, медициналық шығындарға және инвестицияға пайдалануға мүмкіндік берілуі мүмкін.
Ұсынылған модель бойынша түсетін қаражат үш шотқа бөлінеді. Соның бірі тұрғын үй мәселесін жеңілдетілген тетік арқылы шешуге бағытталады.
Алайда талқылау кезінде бірқатар сарапшы бұл модельдің әлеуметтік осал топтардың мүддесін қаншалықты ескеретініне қатысты сұрақ көтерді. Әсіресе мүгедектігі бар азаматтар мен мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың жағдайы бөлек қарастырылуы керек екені айтылды.
Жиынға қатысушылар ұсынылған модельдің аталған санаттағы азаматтардың зейнетақымен қамтылу деңгейіне қалай әсер ететінін қосымша талдау қажет екенін атап өтті.
Қазір жұмыс тобы зейнетақы жүйесін жаңғыртудың басқа да тәсілдерін қарап жатыр. Соның бірі – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры ұсынған әлеуметтік зейнетақы төлемі тетігі.
Бұл ұсыныс бойынша төлем мөлшері азаматтың орташа айлық табысының медианалық жалақыға арақатынасына және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты есептелуі мүмкін. Мұндай тәсіл зейнетақы жүйесіндегі ортақ жауапкершілік компонентін күшейтуге бағытталған.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры да өз моделін таныстырды. Онда жұмыс беруші төлейтін жарнаның 4 пайызы азаматтың жеке зейнетақы шотына, ал 1 пайызы ортақ немесе сақтандыру компонентіне бағытталады. Бұл жинақтаушы қағидатты сақтандыру элементтерімен және өмір бойғы төлемдермен үйлестіруге мүмкіндік береді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынылған барлық нұсқа әзірге сараптамалық талқылау кезеңінде екенін атап өтті. Түпкілікті шешім әлеуметтік әділеттілік, қаржылық тұрақтылық және әр нұсқаның түрлі санаттағы азаматтарға әсері жан-жақты сараланғаннан кейін қабылданады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







