Қазақстан сирек кездесетін минералдарды өңдеуде үш ірі жобаны іске қосуға дайындалып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Электромобильдер мен жасанды интеллектіден бастап, қорғаныс жүйелері мен жоғары технологиялық құрылғыларға дейінгі қазіргі заманның ең озық өнімдері тап осы минералдарға тәуелді. Осы бағыттағы стратегиялық қадамдарды жасаған мемлекеттердің бірі – Қазақстан.
Минералды дипломатия
Сарапшылар маңызды минералдар нарығының көлемі биылдың өзінде шамамен 325 миллиард долларға жеткенін айтады. Минералдардың бұл тобы мұнай мен газ саласынан айтарлықтай шағын болса да, стратегиялық маңызы күн санап артып келеді. Себебі, энергия көздері мен технологиялық инновацияларға деген сұраныс минералдарға деген қажеттілікті еселеп отыр.
Сирек минералдардың ерекшелігі олардың көбіне кен өндірудің жанама өнімі ретінде алынуында. Мәселен, кобальт пен висмут мыс өндірудің, сурьма алтын немесе қорғасын өндірісінің, ал индий мырыш өнеркәсібінің жанама өнімдері болып саналады. Осы себептен олардың нарықтағы ұсынысы тұрақсыз және технологиялық өзгерістерге өте сезімтал болып келеді.
Бүгінде электромобиль өндірісінің қарқын алуы маңызды минералдарға деген сұранысты еселеп арттырып отыр. 2024 жылы электромобильдердің әлемдік сатылымы 17,1 миллионға жетсе, осы салаға қажетті минералдар көлемі 2030 жылға дейін 30 миллион тоннаға дейін өседі деген болжам бар.
Қазіргі таңда бұл минералдардың жаһандық жеткізу тізбегі жоғары деңгейде Қытайға тәуелді. Әлемдік өндірістің 70%-дан астамын және қайта өңдеу қуаттарының 90%-ын осы ел бақылайды.
Алайда соңғы жылдары Қазақстан сирек минералдардың қоры бойынша әлем назарын өзіне аударып отыр. Мысалы, Қарағанды облысында минералдар қорының болжамы 28,2 миллион тоннаға бағалануда. Егер бұл расталса, Қазақстан әлемдік рейтингте екінші орынға көтерілуі әбден мүмкін.
Үш жыл үш кәсіпорын
Еліміздің минералдар нарығындағы басқа да жетістіктері аз емес. Қазақстан әлемдік уран өндірісінің 40 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Мыс өндіруші елдер арасында алғашқы ондықта, мырыш қоры бойынша тоғызыншы, боксит бойынша үздік он елдің қатарында, алтын қоры бойынша 14-ші орында тұр. Күміс өндірудегі үлесі де әлемдік өндірістің 4 пайызын құрайды.
Осы мол әлеуетті дұрыс пайдалану үшін Қазақстанда сирек және сирек жер металдары саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке алдағы үш жыл ішінде кемінде үш жоғары технологиялық қайта өңдеу кәсіпорнын іске қосуды тапсырды. Бұл елдің шикізатты жай ғана экспорттап қоймай, жоғары қосылған құны бар өнімдерді шығаруға көшуге дайын екендігін көрсетеді.
Жеке сектордың рөлі де артып келеді. KAZ Minerals компаниясы мыс өндіру саласындағы көшбасшы ретінде өзінің ұзақмерзімді даму әлеуетін көрсетуде. Биыл компания Ақтоғай кен орнында рекордтық деңгейге жетіп, 60 миллион тонна кен өңдеді. Бастапқыда әрқайсысы жылына 25 миллион тонна кен өңдеуге есептелген екі зауыт бүгінде жылдық қуатын 30 миллион тоннаға жеткізді. Бұл жобаға әлемдегі ең ірі диірмен жабдықтарын жеткізген FLS компаниясының өнімдері пайдаланылған.
Осылайша, Қазақстан қазіргі әлемдік нарықта сирек кездесетін минералдардың стратегиялық ойыншысына айналуға толық дайын. АҚШ пен Еуропалық Одақ елдерімен орнатылған ынтымақтастықтар бұл бағыттағы жұмыстың нақты жемісі болмақ. Алдағы уақытта Қазақстан аса маңызды минералдар жеткізу тізбегінің сенімді серіктесі ретінде жаһандық нарықта өз орнын нықтай түседі деген сенім бар.
Айтпақшы, танымал әмерикалық инвестор, Cove Capital компаниясының бас директоры Пини Әлтхаустың пікірінше Қазақстанның минералды ресурстар бағытындағы потенциалы жойқын екенін айтқан болатын.

