Астана тұрғындарына жаңа алаяқтық тәсілге қатысты ресми ескерту жасалды. Қаскөйлер енді мессенджерлер мен SMS арқылы «жеткізілмеген сәлемдеме» туралы жалған хабарлама жіберіп, азаматтарды алдап соғуға көшкен, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қоғамдық қауіпсіздік қатерлері мен тәуекелдерін болжау орталығы мәлімдеді. Елорданың ресми ақпаратына сүйенсек, мұндай хабарламалар сырт көзге кәдімгі курьерлік қызметтің ескертуіндей көрінеді. Сол себепті көп адам оған күмәнсіз қарап, сілтемені ашып қалуы мүмкін.
Алаяқтардың жолдаған мәтінінде курьердің сәлемдемені жеткізе алмағаны айтылады. Одан кейін жеткізуді қайта рәсімдеу үшін арнайы сілтемеге өтуді ұсынады. Негізгі қауіп дәл осы тұста басталады. Өйткені көрсетілген сілтеме шынайы логистикалық компанияның сайтына емес, соған ұқсатып жасалған жалған парақшаға апарады.
Ондай сайтта қолданушыдан аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты мекенжайы секілді деректер сұралады. Кей жағдайда жеткізуді қайта рәсімдеу үшін аз ғана төлем жасау ұсынылады. Көпшілік дәл осы «болмашы төлемге» алданып қалады. Бірақ ақша аударылған сәттен бастап алаяқтар адамның банк дерегіне, кейде тіпті өзге де құпия мәліметтеріне қол жеткізуі мүмкін.
Мұндай схеманың қаупі тек қаржы жоғалтумен шектелмейді. Бір рет қолға түскен жеке дерек кейін басқа да қылмыстық әрекеттерге пайдаланылуы ықтимал. Яғни азамат бір ғана жалған сәлемдеме хабарына алданып, бірнеше қауіпке қатар тап болуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, алаяқтар адамдардың сенгіштігін ғана емес, жеткізілім туралы хабарламаға тез әрекет ететін әдетін де шебер пайдаланып отыр. Қазір көпшілік онлайн тапсырысқа үйреніп кеткен. Сол себепті «сәлемдемеңіз келді», «жеткізу кейінге қалды», «қайта рәсімдеңіз» деген хабарламалар күдік тудырмай қабылданады.
Контекст
Осындай жағдайда ең маңыздысы – цифрлық сақтық. Егер сіз ешқандай жеткізілім күтпесеңіз, SMS не мессенджер арқылы келген сілтемені мүлде ашпау керек. Ал тапсырыс күтіп отырсаңыз да, оның мәртебесін тек ресми сайт немесе ресми қосымша арқылы тексерген жөн. Сайттың мекенжайын да мұқият қарау қажет. Алаяқтар көбіне бір-екі әріпті ғана өзгертіп, шынайы сайтқа қатты ұқсатып қояды.
Сондай-ақ күмәнді парақшаға жеке дерек, банк картасының нөмірі, кодтар мен өзге де құпия мәліметтерді енгізуге болмайды. Мұндай хабарламаны елемей, бірден бұғаттап тастаған дұрыс.
Қысқасы, жаңа алаяқтық тәсілдің формасы қарапайым көрінгенімен, салдары ауыр болуы мүмкін. Бүгінде цифрлық ортадағы ұқыптылық – жай сақтық емес, жеке қаржы мен жеке мәліметті қорғаудың басты шартына айналды.
Астанада жұмыс іздеп жүрген азаматтарға қызмет көрсету бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. Енді қала тұрғындары үшін Мансап орталығы үш бірдей мекенжайда жұмыс істеп, жұмыспен қамтуға қатысты қызметті аудандық қағидаға жақындатып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







